Ахмет Жанталин (1875 – 1950)
1875 жылы Петопавл уезі, Қарағай ауылында туған. Алаш қозғалысының қайраткері, Абылай ханның кеңесшісі Нашан батырдың ұрпағы. Ғалым Талғат Тегісовтің әкесі. Троицкідегі Зейнолла ишанның медресесінде оқыған. Троицкідегі «Расулия» медресесін 1906 жылы бітіріп, 1908 жылы мектеп ашқан, бала оқытқан. Медреседе оқып жүргенде Қазан қаласында шығып тұрған «Үлфат», «Айқап», «Қазақ» т.б. басылымдарда қазақтың мәселелері бойынша мақалалары жарияланған. 1906 жылы Қызылжар өңірінің белсенді азаматтарымен бірге патша үкіметіне хат жазған. Троицкіде «Алаштың ахуалы» атты газет шығару мәселесін көтерген. Бірақ бұл мәселеге отаршылдық билік оң қарамаған. 1907 жылы сол кездегі Ақмола облысы, Петропавл уезіндегі өз ауылы Қарағайда мектеп салған. Кеңестік кезеңде мұғалім болған. Бұл мектепті С.Мұқанов, Е. Байғасқин, Қошан Жантілеуов сияқты белгілі азаматтар бітірген.
1950 жылы Түмен облысында қайтыс болды.
Әдебиеттер:
Жанталин А.// Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек. Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш қозғалысы қайраткерлеріне қатысты шетелдегі архивтерден табылған материалдар жинағы. – Астана, 2022. – Б.68
Жанталин А. // Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.184