Аспандияров Біләл (1886-1958)
Ғалым, педагог, оқу-ағарту ісін ұйымдастырушы Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Аспандияров Біләл 1886 жылы Қостанай облысы Қарабалық ауданында дүниеге келген. 1898 жылы Ы.Алтынсарин ұйымдастырған 2 сыныптық мектепті, 1931 жылы ҚазПИ-ді бітірген. Еңбек жолын ауылдық мектеп мұғалімі ретінде бастаған ол 1923-1925 жылдары Қостанай техникумының ұйымдастырушысы әрі меңгерушісі, 1925-1930 жылдары Жетісу губерниясында халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, кейін Алматыдағы жоғарғы оқу орындарының оқытушысы, Қазақстан ҒА-ның тарих, археолог және этнография институтының, сондай-ақ, Тіл білімі және әдебиет институтының ғылыми қызметкері болды. Аспандияров алғаш рет Бөкей ордасының тарихын кешенді әрі жүйелі түрде зерттеп, «Бөкей ордасының кұрылуы және жойылуы» деген такырыпта 1947 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Сондай-ақ, қазақ халқының тарихына қатысты «Ертедегі қазақтардың қоныстанған жерлері туралы кейбір мәліметтер», «Қазақтардың атауының шығу төркіні туралы сыни ескертпелер», т.б. еңбектер жазып қалдырды. 50-жылдары ғылыми саяси көзқарасы үшін қуғындалған. Ғылыми зерттеу еңбектерімен қатар ол қазақ мектептерінде орыс тілін үйретуге арналған оқулықтар, әдістемелік құралдар жазып, арнаулы сөздіктерді құрастыруға қатысты. «Логика» оқулығын алғаш қазақ тіліне аударды.
Б.Аспандияров Алматы қаласында 1958 жылдың қыркүйек айының он сегізінші жұлдызында қайтыс болды.
Әдебиет:
1. Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.60
2. Озғанбаев Ө. Біләл Аспандияров туралы сөз // Ақиқат. – 2001. – N3. – С. 67-74 б
3. Тобаяқов Б. Алаш туын аспандатқан Аспандияров // Ертіс өңірі. – 2004. – 28 қазан. – Б.25