Сейтқұлов Мұхамедхан (1870- 1937)

Мұхамедхан Сейтқұлов 1870 жылы Семей қаласында туған.  Ол – аса мейірімді,   білімді,  жомарт, алашордашы, ислам уағызшысы болған адам еді. Оның қазақ мәдениетінің белгілі қайраткерлерін қалыптастыру жолындағы еңбегі ерен. М.Сейтқұлов ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың алғашқы үш онжылдығында қазақ халқының рухани дамуына ықпал етті. Ол көптеген қолжазбалар мен тарихи өлең-жырларды жинақтаушы және мәдени мұраны сақтаушы. Алаш идеясын дамытуға және іске асруға Алаш париясының үйін ашқан, мәдениет қайраткері. Сол уақыттағы жазушылар мен баспагерлердің арасындағы қарым-қатынасты қолдайтын, жомарт меценат болды. Оның үйі кездесулер және «Алаш» партиясы мүшелерінің талқылаулары үшін ашық болатын. М.Сейтқұловтың үйінде Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж. Аймауытов, М.Тынышпаев, Х.Ғаббасов, С.Торайғыров, Ы.Мұстамбаев, С.Дөнентаев және т.б. болған. Ол Ж.Аймауытов және М.Әуезов редакциясынан шығатын, «Абай» журналын және «Сары Арқа» газетін қаржыландыратындардың бірі болды. Сол кезде шығып тұратын газет, журналдарды түгел дерлік алып отырған. «Дала уалаяты» газеті, «Айқап», «Шора», «Абай» журналдары, «Қазақ», «Сарыарқа», «Уақыт», «Тәржіман» газеттері, Абайдың (1909) кітабы, Шәкәрімнің, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М.Жұмабаевтың, С.Торайғыровтың, тағы басқа қазақ ақын-жазушылардың кітаптары, қисса-дастандары жеке кітапханасынан табылған.

Семей семинариясында оқып жүрген кезінен бастап Мұхтар Әуезов Мұхамедханмен жақсы таныс болып, туған інісіндей болып кеткен. «Еңлік-Кебек», «Қаракөз» пьесаларын сахнаға даярлау кезінде репетицияларын үнемі сол үйде өткізген. Мұхтармен бірге: Жүсіпбек Аймауытов, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Әлмағамбет әншілер де Сейтқұловтың үйінде жиі қонақ болып тұрған. Сонымен қатар, Мұхамедхан Мұхтар Әуезов пен Хасен Тұрлыхановтардың моральдық, материалдық және рухани жетілулеріне, белгілі тұлға болып қалыптасуларыда маңызды рөл атқарды. Әлихан Бөкейханов Семейдің сол жағалауында өткен жиында қалаға бастапқы «Алаш» атауын қайтару туралы мәселе көтерген кезде, М.Сейтқұлов оған қолдау беріп, қалаға «Алаш» атауын қайтаруды нақтылы дәлелдермен қорғаған.

М.Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова әкелерінің дос болғанын еске алады. 1911 жылы М.Сейтқұлов Міржақып Дулатовты кепілдік салып, тұтқыннан босатады. Ал Шәкәрімнің белгілі фотосуреті Сейтқұловтың үйіне келген кезде түсірілген. Сонымен бірге, Сейтқұлов Шәкәрімнің қамаудан босап шығуына көмектеседі.

Мұхамедхан Тінібай мешітінде ислам дінінен сабақ берді, кейіннен №6 мешітте, халық арасында Ахмет Риза мешіті аталып кеткен мешітте имам болып қызмет атқарды.

Қазақ халқы тарихында зұлматты жылдар қатарынан саналатын саяси репрессия, сойқанды зұлмат, қаралы кезең Мұхамедханның да тағдырын айналып өтпеді. Алаш арыстары түгелге дерлік атылып, айдалып кеткен шақта Мұхамедхан Сейтқұловты да мұсылмандардың кеңес үкіметіне қарсы тобынын белсенді мүшесі деген жаламен ұсталғаннан кейін, үш күннен соң ешқандай арнайы тергеу, сот үкімінсіз ату жазасына кеседі. Мұхамедхан Сейтқұловты 1937 жылдың 2 желтоқсаны күні түнде атқан. Фотосуреттері сақталмаған. Жерленген жері белгісіз. Қайтыс болғаннан кейін ақталды.

Әдебиеттер:

  1. Мухтар Ауэзов в воспоминаниях современников [о посещении М. Ауэзовым дома отца Каюма Мухамедханова]. – Алма-Ата: Жазушы, 1972. – 259 с. с ил.
  2. Достойный след в культуре / ОФ Центр образования и культуры имени К.Мухамедханова // Вести Семей. – 2016.- 18 марта. – С.5
  3. Мухамедхан Д. Не отрываться от корней // Казахстанская правда. – 2014. – 18 января. – С.5
  4. Мухамедхан Д. «Счастье быть свободным, говорить правду и не бояться ничего // Казахстанская правда. – 2014. – 31 мая. – С.10
  5. Мухамедханова Д. Источник доброты и чистоты // Вести Семей. – 2016. – 4 марта. – С.5
  6. Мухамедхан Д. «Бывали хуже времена. Но не было подлей» // Казахстанская правда. – 2013. – 31 мая. – С.13

Интернет сілтемелер:

Қайым МҰХАМЕДХАНОВ: «Алаш арыстары аңсаған асыл арманыңыз осы» [Электрондық ресурс]: [Сейітқұлов М. туралы] // old.abai.kz: сайт. – Режим доступа: http://old.abai.kz/node/13249

Қайым МҰХАМЕДХАНОВ: «Алаш арыстары аңсаған асыл арманыңыз осы [Электрондық ресурс]: [Сейітқұлов М. туралы] // i-news.kz Последние новости Казахстана: сайт. – Режим доступа : https://i-news.kz/news/2012/04/17/6383793-kaiym_myhamedhanov_alash_arystary_ansaga.html