Күдерин Жұмахан (1891 – 1938)
Күдерин Жұмахан Маусымбайұлы – 1891 (1893) жылы сол кездегі Жетісу губерниясының Лепсі уезінде, қазіргі Семей облысы Аякөз қаласында (бұрынғы Сергиополь) дүниеге келген қазақтың алғашқы биолог ғалымдарының бірі, қоғам қайраткері, Алаш арысы. Он жасар Жұмахан ауыл молдасы Мұқаш Бакеновке, одан кейін ауыл мұғалімі Ишенғали Жабағытаевқа жалдана жүріп дәріс алған. Сөйтіп, 1911 жылы «Мамания медресесін» бітіріп, 1912 аға сынып оқушыларына сабақ береді. Жасынан зерек, білімге құштар Жұмахан 1913-1917 жылдар аралығында Талдықорған облысындағы Қапал ауылшаруашылық мектебінде оқып, оны агротехник, веттехник мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады.
Білімін толықтыруды мақсат тұтқан ол 1924 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік Университетінің ауылшаруашылық факультетіне оқуға түсіп, қазақ жастарының арасынан алғашқылардың бірі болып ғалым-агроном мамандығын алып, 1930 жылы оқуын бітіріп шыққан. Университетте оқып жүріп Түркістанның табиғи ресурстары мен осы өңірді аудандарға бөлуді зерттеумен айналысқан экспедиция жұмысына қатысты.
Жұмахан Күдерин алғашқы еңбек жолын туған ауылы Сергиопольде жаңадан ашылған қазақ мектебінде директордың орынбасары қызметінен бастаған. 1917-1918 жылдары Жұмахан Күдерин қызыл комиссар Сабыржан Ғаббасовпен, қазақтан шыққан алғашқы партизан әйел Айқыз Көшкінбаевамен қоян-қолтық араласып, бұқара халыққа жасалған қоғамдық-саяси шаралардың бел ортасында жүрген. Алаш зиялыларымен бірге азамат соғысы кезінде қатты күйзелген қазақ ауылдарына азық-түлік таратқан. М.Тынышпаев, М.Төлеубаев, С.Аманжолов және басқа қоғам қайраткерлерімен бірге Алашорда үкіметінің тапсырмаларын орындаған.
Ол 1918 жылы Лепсі қаласында Кеңестердің 1-ші съезіне делегат және Жер комиссары болып сайланған. 1920 жылы «Қытайға кеткен қазақтарды қайтару» комиссиясында жұмыс істеп, Ж.Күдериннің тікелей араласуымен Қытайдан 6 мың жанұя қайтып елге оралады. Аталған жылы уездік жер бөлімінің бастығы болып сайлануы Ж.Күдериннің саяси белсенділігінің артуына игі ықпал еткен. 1921 жылы ол Жетісу өңірін жайлаған тырысқақ індетіне қатысты емдеу жұмыстарына қатысқан.
1924 жылы Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік университетінде өзі білім ала жүріп қазақ-қырғыз жетім балалар мектебінің мұғалімі, 1925 жылы Қазақ педагогикалық институтында математика пәнінің оқытушысы, 1926 жылы Қазақ өлкесінің Түркістандағы өкілі, 1925-1927 жылдары Қазақ ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, Рабфактың түрлі ағарту курстарының дәріскері, 1929 жылдан Қапыланбектегі ауылшаруашылығы техникумының оқытушысы қызметтерін атқарды. 1930 жылы «ғалым агроном» мамандығына ие болды. Жұмахан Күдерин Ташкенттегі Орта Азиялық мақта ғылыми-зерттеу станциясында ассисент (1930), Қазақ ССР Жер халкомының мал шаруашылығы ғылыми зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер (1935-36), «Каучуконос» тресінде нұсқаушы агроном (1937) қызметтерін абыройлы атқарған. Ол топырақ зерттеу экспедицияларына қатысып, зерттеу жұмыстарымен тікелей айналысып, ғылыми еңбектер жазған. 1936 жылы күзде Наркомземның тапсырмасымен жолсапармен Қапалға келіп, жер шаруашылығы, егіншілік кәсібі, сол аймақтың өсімдіктері жайлы мәліметтер жинап, педтехникум залында кеңестік биология ғылымының жетістіктері жайлы дәріс оқыған.
Алаш қайраткері, әмбебап ғалым, агротехник-зоотехник (1913-1917), ғалым-агроном (1925-1930) Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин – биология (улы жыландар, зиянды жәндіктер мен жұқпалы аурулар), ботаника (техникалық өндірістік өсімдіктер – кендір талшықтары, тұт талшықтары, көк сағыз бен тау сағызы, дәнді дақылдар-тары, жүгері, қарақұмық, соя, құмыршық, дәрілік өсімдіктер-көкпек, татыран, итсигек), улы өсімдіктер мен майлы өсімдіктер, мал шаруашылығы (биязы жүн талшықтары) саласы бойынша ғылыми еңбектер мен зерттеулерін жариялаған. Осы саладағы ғылыми- зерттеулері оба індеті тұсында және тоқыма кәсібінде тәжірибеден өтіп, пайдаланылуға ұсынылған. Қазақ мектептеріне арналған оқу құралдарының болмауы болашақ ғалымға үлкен ой салып, сол салада қалам тартып, үлкен ғылыми еңбектер жазуына ықпал етті. Әмбебап ғалым салыстырмалы сөздік пен терминдік сөздіктерді, әдеби оқулықтарды, мектеп оқулығын құрастырған. Жұмахан Маусымбайұлы жаратылыстану саласындағы алғашқы оқу құралдары мен терминдердің авторы. Ол жаратылыстану ғылым саласына жаңа терминдер енгізіп, байытты.
Сергиополь мектебінде қызмет ете жүріп нұсқасы дайындалса керек, 1927-1929 жылдары баспадан Жұмахан Күдериннің қазақ мектептеріне арналған «Ботаника» («Өсімдіктану»), «География» оқулықтары, бастауыш сынып оқушыларына арналған «Әліппесі» және «Қоғамдық еңбек» атты оқулықтың хрестоматиясы жарық көрген. Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхананың сирек басылымдар қорындағы «арнайы қорда» Жұмахан Күдериннің 1927 жылы Мәскеуде арап графикасымен жария көрген «Өсімдіктану» атты оқулығы ұзақ жылдар бойы сақталып отыр. Автор кітапты өз қолымен безендіріп, өсімдіктердің жеке түрлері мен сыртқы құрылымын, мүшелерді 108 сурет арқылы бейнелеген.
Ж.Күдерин сан түрлі ғылым саласынан 50-ден аса ғылыми-зерттеу еңбектерін жазған. Оның ішінде 15-і 1927-1936 жылдар аралығында Мәскеу мен Алматы мемлекеттік баспаларынан жеке кітап болып жарық көрген. Жиырмаға таяуы мерзімді басылым беттерінде басылған. Қалғандары қолжазба түрінде сақталған. Көркем шығармалары ғалым тұтқындалған жылдары тәркіленіп, жойылып кеткен.
Ғалым Ж.Күдерин бүкіл отбасымен «Халық жауы» деген жаламен қуғын-сүргін құрбаны болған қазақ зиялылары қатарына жатады. Осындай жемісті ғылыми шығармашылық жұмыспен айналысып отырған ғалым Ташкентте ұсталып жауапқа тартылған. 1930-шы жылы 20 қыркүйекте әкелі-балалы Күдериндер Маусымбай мен Жұмахан туысы Мұхамеджан Тынышбаевтың ісіне байланысты тұтқынға алынып, «контрреволюциялық үгіт таратушы» деген айыппен «үштіктің» шешімімен әрқайсысы бес жылдан бас еркінен айрылып, әкесі Қарқаралы, ұлы Воронеж лагеріне айдалған. Әкесі Маусымбай Қарқаралы түрмесінің тас қамалында көз жұмса, Жұмахан Маусымбайұлы 1936 жылы мерзімін өтеп еліне қайтты.
1937 жылдың 22 мамырында қайта тұтқындалған есіл ер Жұмахан Маусымбайұлы Күдерин 1938 жылдың 7 наурызында нақақтан ату жазасына кесілген.
Әдебиеттер:
- Күдерин Ж. Өсімдіктану: Оқу құралы. – Қызыл-Орда; Мәскеу: Қазақстан мемлекеттік баспасы, 1927. – 140 б.
- Күдерин Ж. Өсімдіктану. – Алматы: Рауан, 1992. – 261 б.
- Кудерин Ж.М. Қант қызылшасы. – Алматы, 1936. – 68 б.
- Күдері, Ж. М. (Кудерин Ж.М.) Қуғын-сүргінде аман қалған еңбектер / ред. Қ. Қайым. – Алматы: Демеу, 1995. – 351 б.
- Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Энес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 1999. – 544 б.
- Алаш туы тігілген өңір (Алашорданың 100 жылдығына орай) / құраст. М.Қ. Каримов, М.Қ. Асылбеков, Н.С. Нанбекова. – Семей, 2015. – 311 б.
- Кудерин Жұмақан Маусымбайұлы // Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. Т.5. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2003. – Б.107
Мақалалар:
- Қалымов Д. Жұмахан Күдерин // Семей таңы, 1991. – 12 ақпан. – Б.4
- Мұхаметжанова Т. Күдерин мұраларының маңызы зор // Қазақстан мектебі. – 2012. – № 8. – Б.28-29
- 10.Мұхаметжанова Т. Күдериннің дүниетанымдық көзқарастары // Қазақ тарихы. – 2013. – № 1. – Б. 12.
- Сексенбаев Б. Шайқалған Шаңырақтар // Семей таңы, 1991. – 24 сәуір. – Б.5
Интернет сілтемелер:
https://kk.wikipedia.org/wiki/Жұмахан_Күдерин