Мәметов Базарбай (1888-1946)

11

Мәметов Базарбай – қоғам қайраткері, заңгер. Алаш козғалысының, Алашорда үкіметінің мүшесі. Мәметов Базарбай 1888 жылы  Жетісу облысы Лепсі уезінде дүниге келді.. 1911 жылы Верный ерлер гимназиясын, 1917 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірген. 1916 жылы 25 маусым жарлығы бойынша тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне бас-көз болу, артта қалған отбасыларына қамқорлық жасау жөнінде Қазанда оқып жүрген бір топ қазақ жігіттері алаш жұртына ашық хат жазды («Қазақ» газеті, 1916 ж., 15-қыркүйек, № 201). Ашық хатқа қол қойғандар арасында Мәметовте бар. Бұл хатты сол кезде  Мәскеудегі «Земский союздің» бас комитетінде қызметте жүрген Ә. Бөкейханов қолдап, құптаған. 

1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өткен 1-Жалпықазақ съезіне Жетісу облысының өкілдері қатарында қатысты. Съезд Мәметовті Бүкілресейлік Құрылтай жиналысының депутаттығына Жетісу облысынан кандидат ретінде тізімге енгізді, әрі Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесіне (Шура-и-исламға) өкіл етіп сайлады. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен 2-Жалпықазақ съезінде Кеңеске 8 адамның бірі болып тікелей Алашорда үкіметіне мүшелікке өткен. 2-Жалпықазақ съезінің шешімімен 1918 жылы 25 маусымда Алашорда үкіметінің төрағасы Ә. Бөкейханов халық милициясын құру туралы қаулыға қол қояды. Осы қаулыны жүзеге асыру мақсатымен Семей қаласында капитан Х. Тоқтамышов басқарған 1-Алаш полкін ұйымдастыруға Алаш басшылары Х. Ғаббасов, М. Тынышпаев, А. Тұрлыбаевтармен бірге  Мәметов те белсене араласты. 1918 жылы 10-31 тамызда Лепсіде өткен Жетісу облысының  2-қазақ съезінде жергілікті Кеңес мүшелігіне сайланады.

Алаш әскерін жасақтау, ашаршылыққа ұшыраған халыққа көмек ұйымдастыру ісімен айналысты. 1918 жылы 10-31 тамызда Алашорданың Лепсіде өткен Жетісу облыс съезінде оның кеңесінін мүшелігіне сайланды. 1919 жылы Колчак үкіметі тарапынан большевиктермен қатысы бар деген желеумен қысымға алынған. Жетісуда Кеңес өкіметі орнаған соң да саяси қуғын-сүргінге ұшырап, 1928 жылы отбасымен түрмеге қамалды. 1931 ж. Саратовқа жер аударылды. Өмірінің соңына дейін Саратовта, Қарақалпақстанда, Жамбыл мен Талдықорған облыстарында әртүрлі қызметтер атқарған. 1946 жылы қайтыс болған.

            Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығының 1 – бабына сәйкес «30-40 жылдар мен 50-ші жылдардың басында қуғын-сүргінге ұшырағандар мен құрбандарына байланысты әділдік орнатуға толықтыру іс-шаралары» негізге алынып, 1989 жылы 6 сәуірде Мәметов Базарбай ақталды.

Әдебиеттер :

  1. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.239
  2. Әбдешев М. “Алаш Орда” министрлігі/ Министры “Алаш Орды”. –  Алматы, 2008. – 114 б.
  3. Мәметов Базарбай // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.301
  4. Нұрпейіс К. Жетісулық Алаш қайраткерлері // Қазақ тарихы. – 2006. – №2 . – Б.59
  5. Төлепберген Б. Мәңгі жас-Алаш идеясы. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. – Б.142-143

 

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki

https://www.facebook.com/

http://megamozg.kz/

http://alash.semeylib.kz/