Тыныстанов Қасым (1901-1937)

17Тыныстанов Қасым – көрнекті Алаш қайраткері, қырғыз ұлты елшілдік қозғалысының көшбасшысы. Алғаш мұсылманша хат танығаннан кейін, орыс тілін жекелеген мұғалімдерден үйренген. Мұнан соң алты сыныптық «түзем школында» оқып, оны 1918-1919 жылдары бітірген (Пішпекте болса керек). 1919 жылы республикадағы жергілікті ұлт мамандарын даярлау жоспарына сәйкес, ол Түркістан кеңестік автономиясының орталығына курсқа, жұмысшы факультетіне жіберіледі. 1921 жылы Ташкенттегі өлкелік Қазақ-қырғыз халық ағарту институтына түсіп, 1924 жылға дейін оқиды. Осы тұста бүгінгі қырғыз зерттеушілері біле бермейтін Қ.Тыныстановтың
айрықша шығармашылық өмірбаяны басталады. Қырғыз азаматы 1922 жылы 4 желтоқсанда Ташкентте ашылған «Талап» мәдениетті көркейтушілер ұйымының басқарма мүшесі болып сайланады. Мұны көрнекті Алаш қайраткері Х.Досмұхамедұлы басқарғаны, осында М.Тынышбайұлы, М.Жұмабаев, М.Әуезов сынды азаматтар жұмыс істегені белгілі. Тағы бір айрықша дәлел, Қасымның алғашқы өлеңдері қазақтың «Жаңа өріс» газетінде басылған (мұны қырғыз зерттеушілері «Өріс» деп қате жазып жүр. «Жаңа өріс» – Ташкентте 1920 жылы 18 сәуір мен 27 шілде аралығында шыққан газет. Ол – тарихи «Ақжол» газетінің ізашары, дәлірек айтсақ, «Жаңа өріс» кейін жалғасын тауып, «Ақжол» деген атпен шыққан. 1924 жылы Ташкентте Түркістан мемлекеттік баспасынан Қ.Тыныстановтың «Қырғыз тілінің хрестоматиясы» атты алғашқы педагогикалық еңбегі жарық көреді. 1925 жылдың басында ол К.К.Юдахинмен бірігіп орыс графикасының негізінде қырғыз әліпбиінің алғашқы нұсқасын жасайды. Ғалым осы жобасын 1926 жылы Бакуде өткен түріктанушылардың I сиезіне ұсынады, бірақ ол қаралмайды. Осы басқосуда ғалым «Жаңа алфавитті түзудің негізгі принциптері» атты баяндама жасайды. 1926 жылы Мәскеудің «Күншығыс» баспасынан қайраткердің «Ересектер үшін әліпби» атты еңбегі жарық көреді. Мұнан кейін ғалым бірыңғай сол кез үшін іргелі зерттеулер жасаумен болады: Қырғызстан астанасынан 1927 жылы «Қырғыз тілінің грамматикасы», 1934 жылы «Қырғыз әдеби тілінің жаңа орфографиясының жобасы», «Қырғыз тілінің морфологиясы», 1936 жылы «Қырғыз тілінің синтаксисі» атты кітаптар жариялайды. Қ.Тыныстанов 26 жасында Қырғыз АСР-інің халық ағарту комиссары болып тағайындалады. Қайраткер және ғалым ретінде қырғыз тілінің дыбыстық қатарын, грамматикасын және әдістемесін ғылыми жүйеге түсіріп, қырғыз ғылыми тілінің негізін қалыптастырады. Ол К.Юдахин, В.Бартольд, Е.Поливанов сынды әлемге белгілі ғалымдарды қырғыз тарихы мен әдебиетін, тілі мен этнографиясын зерттеуге және дүниежүзіне насихаттауға жұмылдыра алды. Қасымның туған елі мен түрік жұрты алдындағы айрықша еңбегі – поэзиядағы ізденістері. Оның алғашқы жыр кітабы «Қасым ырларының жыйнағы» деген атпен Мәскеудің «Күншығыс» баспасынан 1925 жылы жарық көрді. Оның алғысөзін Қырғыз ғылым комиссиясының мүшесі Б.Даниярұлы жазған (осы жинақ дәл осы атпен 2001 ж. Қырғызстанда А.Ақаевтың алғысөзімен қайта жарық көрді). Мәскеу жинағына ақынның 1920 жылдан  бастап жазған өлеңдері енген. Ол осы кітабындағы «Алашқа» атты өлеңінде тарихтың тағылымды кезеңі мен ауыр шағын салыстыра еске алып, елді серпілуге шақырады. «Қаламға», «Айға», «Бұлбұлға», «Күйемін», «Бөбек тербеткенде», «Жастарға» т.б. өлеңдерінде сезім мен сыршылдықты қатар ұстап, оқырманға салмақты ой салады. Ал «Жаңыл мырза» поэмасында тарих қойнауына терең бойлап, ұлтқа қажет елшілдікті, жауапкершілікті асқақтата жырлайды. Қ.Тыныстановтың 1932 жылы жазған «Академиялық кештер» атты пьесасы «идеалистік ұстанымы үшін» кезінде қатты сыналғанға ұқсайды. 1935 жылы Фрунзеде «Манас» жырына байланысты тұңғыш бүкілодақтық конференция өтеді. Оның жұмысына Е.Поливанов, М.Әуезов т.б. ғалымдар қатысады. Осы ғылыми жиында Қ.Тыныстанов манастанудың жаңа міндеттері туралы баяндама жасайды. Ғалымның осы және бұған дейінгі шынайы, ғылыми, елшіл пайымы саяси қуғын-сүргін жылдары алдынан шықты. Оған «ұлтшыл, кеңестік ұлт саясатына қарсы, пантюркист» деген айыптар тақты. Қ.Тыныстанов 1937 жылы 1 тамызда ұсталып, өлім жазасына кесілді.

Әдебиеттер:

  1. Тыныстанов Қасым / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиядық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.405-406
  2. Әс-Сем Қасым Тыныстанов туралы мағлұмат пен естелік // Абай. – 2014. – №5. – Б.33-37
  3. Кәрімжанова Р. Мағжан және Қасым (Тыныстанов) шығармашылығы // Қазақ тілі мен әдебиеті. – 2009. – №6. – Б.95. – 100

Интернет сілтеме:

Қасым Тыныстанов //https://kk.wikipedia.org