Тұрғанбаев Мәннан (1886-1937)

16Мәннан Тұрғанбайұлы Тұрғанбаев – Семей өңірінің ата газеті, бүгінгі «Семей таңының» негізін қалап, алғаш редакторы болған, көрнекті ағартушы, баспагер-журналист, Алаш қозғалысының белсенді қайраткері, сыншы, публицист, ұстаз-ғалым.

М.Тұрғанбаев 1886 жылы Семей губерниясы Қарқаралы уезі Абыралы болысының «Сарыапан» ауылында туған.  Алғашқыда Мәннан оқу іздеп, Семей қаласына барып, Кәмәлиден хазіреттен арабша діни сабақтар бойынша дәріс алады. Содан кейін Мәннан алты жылдай Семейдегі медреседе оқиды. 1906-1910 жылдар аралығында ол туған ауылында ұстаздық қызмет атқарған. 1910 жылы Уфадағы «Ғалия» медресесіне түсіп, оны 1915 жылы бітіріп шығады.

Қырға оралған М.Тұрғанбаевтың ендігі ғұмыры Орынборда жалғасып, ондағы Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен шыға бастаған «Қазақ» газетіне шақырылады. Еуропалық тәрбие алған алты алаштың бір туар тұлғасы Әлихан Бөкейханның бастауымен Мәннан Түркияға сапарлап, Каирдегі мұсылманның рухани академиясы мен Стамбулда қысқа мерзімді курстардан өтеді.  Бұған да, Мәннанның қазақ тіліне жетіктігі мен араб, түрік тілдерін меңгергендігі, орыс тіліне жүйріктігі, ислам дініне жастайынан қанық болуы басты себеп болса керек.
Мәннан Тұрғанбаев 1917 жылы Орынбордан Семейге келіп, «Сарыарқа» газеті редакторының орынбасары ретінде Санкт-Петербургтегі екі жарым айлық журналистік курстан өтеді.

Мәннан Тұрғанбаевтың газетте редакторлық, журналистік қабілетімен қатар, оның ағартушылық майданыңдағы губерниялық оқу бөлімінің мектеп инспекторы болып істеген кезінде, қазақ мектебін негізінен қайта құру, оның түрлерін белгілеу, оқытудың мазмұнын анықтау, мұғалімдердің әдіс-шеберліктерін жетілдіру сияқты сан-салалы ұстаздардың ұстазы болғандығы дәлелдене түсуде.

Семейде жарық көрген «Таң» журналында М.Тұрғанбаев «Жазу, тану, һәм жаздыру әдісі» атты мақаласы жарияланып, онда елімізде жүргізілген мәдени революцияның өзекті мәселесі – сауатсыздықты жою туралы арнайы сөз етіледі.

Мәннан Тұрғанбаев 1917 жылғы сәуір айында өткен Семей облыстық қазақ съезінде комитет мүшесі болып сайланады. Мәннаның «Айқап», «Абай» тағы басқа басылымдарда өзекті ой қозғаған мақалалары жарық көрді. «Абай» журналының 1918 жылғы 2 санында «Ұлтшылдық» мақаласы жарияланады. Ал 1918 жылы Алашорданың атты әскер полкіне қабылданады.

Семейдің сол жақ бөлігіндегі қазіргі Жаңасемей қаласы 1917-1927 жылдар аралығында, он жылға жуық уақыт Алаш қаласы аталып келгені белгілі. Алғашқы қазақ мектептерінің негізі осы Алаш қаласында қаланғандықтан олар ресми тілде Алаш мектептері деген атауға ие болды. Осы мектептерді ашуға Мәннанның сіңірген еңбегі өте зор.

Мәннан 1919 жылдың маусым айында қайта Орынборға шақырылып, ондағы «Ұшқын» газетінде редакторлық қызмет атқарған, сонымен қатар ол осы жылдары мектеп оқулықтарын да жазады. Сол жылдың күзінде Семейге оралып «Қазақ тілі» атты Кеңес үкіметінің тұңғыш газетін шығарысуға атсалысады.

М.Тұрғанбаев 1920 жылға дейін Ж.Ақпаевпен бірге халық соты кеңесінің мүшелігіне қабылданады.

Қазақ автономиясы жариялануына байланысты, 1920 жылы Жалпықазақ кеңестерінің бірінші съезіне Семейден делегат болып М.Тұрғанбаев сайланады. Ал 1922 жылдан бастап ол халық соты төрағасының орынбасары, әрі қазақ ісі жөніндегі азаматтық бөлімнің меңгерушілік міндеттерін атқарған. 1924 жылы Семей ГубОНОсы (Семей губерниялық халыққа білім беру бөлімі) Мәннан Тұрғанбаевты Оренбург қаласында өтетін ғылыми қызметкерлердің сиезіне қатысуға іссапарға аттандырады. Іссапардан келісімен М.Тұрғанбаевты Семей қаласындағы коммуна мектебінің меңгерушілігіне тағайындап, коммуна мектебін ұйымдастыруға кірісуін талап еткен бұйрық осыған дәлел.

1926 жылдан бастап Мәннан Ә.Ермеков жетекшілік ететін Қарқаралы педучилищесінің оқу бөлімінде ұстаздық қызмет атқарды. 1928 жылы М.Тұрғанбаев Семейге қайта оралды. Келісімен Облыстық соттың орынбасары, кейін қалалық оқу бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарды.

1930 жылдың 4 сәуірінде Біріккен мемлекеттік саяси басқармасының сот коллегиясының үкімімен М.Тұрғанбаев Семейде қамауға алынып, Қапал түрмесіне айдалады. 1932 жылы оның айыптары дәлелденбегендіктен түрмеден босатылып шығарылады. Бірақ туған жерде тұруына мүмкіндік бермеген соң, 1932-1936 жылдар аралығында Тұрғанбаев Алтай өлкесіндегі Ойрат автономиялық облысының Усть-Кант аймағындағы «Қызыл ұлтшыл» деген қазақтар жинақталған ауылдағы орталау мектепке мамандығы бойынша мұғалімдікке қызметке тұрады. Осы мектепте үш жылдан астам уақыт ұстаздық етеді, әрі колхозға мүшелікке өтеді. Бірнеше жылдан кейін, сонау қиырдағы Ойраттан Мәннан ел шетіне елеусіз ат арбамен ұзақ жол кешіп, Семейдің шеті Қызылауылға ат басын тіреп, туған топырағына сағына қадам басып, мұндағы мектепке мұғалім болып орналасады. Өкінішке орай, «Аңдыған жау алмай қоймас» демекші, не бәрі 4-5 ай ішінде тұзаққа ілінеді.

24 қаңтар 1937 жылы Мәннан Тұрғанбаевты Семей түрмесіне қамауға алады. Ол 1937 жылғы 20 тамызда ату жазасына кесіледі. М.Тұрғанбаевтың өлімі туралы анықтама қағаз қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Бородулиха ауданыңдағы азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде тіркелген. 1963 жылы 14 желтоқсанда Семей облыстық соты  (төраға Ниязбек Түменов) Мәннан Тұрғанбаевты ақтаған шешім шығарған.

Семей қаласының бір көшесіне Мәннан Тұрғанбаевтың есімі берілген.

Әдебиеттер:

  1. Алаш. Алашорда: энциклопедия. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.317-318
  2. Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. 1918- 2007 ж.ж.: Т.4. – Алматы: Ел-шежіре, 2008. – Б.224-228
  3. “Алаштың” тілдік мұрасы: мақалалар жинағы / құраст.: С. Шүкірұлы, Е. Тілешов. – Алматы: КИЕ, 2009. – 364 б.
  4. Кенемолдин М. Алаш мектептері // Абай. – 2004. – №4. – Б.83
  5. Нәсенов Б. Абыралы – Сарыарқаның кіндігі. Т. 2, 3-ші кітап: Абыралы – қанды жылдары (1905-1945 ж.), 2002. – 642 б.
  6. Нәсенов Б. Абыралы – Сарыарқаның кіндігі. Т. 3, 4-ші кітап: Абыралы – Сұңқарлары, 2002. – 758 б.
  7. Тәбәрікұлы С. Қайран, Мәннан.- Алматы: «Қанағат», 2002. – 257 б
  8. Тәбәрікұлы С. Мәннан Тұрғанбаев: Алаш арыстары. – Алматы: «Қайнар», 1999. – 48 б.
  9. Тәбәрікұлы С. Газет бастауында – үш алып // Семей таңы. – 2009. – 3 желтоқсан
  10. Тұрғанбаев М. Қазақ тілін іске асыру // Тәбәрікұлы С. Қайран, Мәннан. – Алматы: Қанағат, 2002. – 129 б.

Интернет сілтемелер:

 

https://kk.wikipedia.org/wiki/Мәннан_Тұрғанбаев