Тәтібаев Қазмұхамед (1885-1962)

Тәтібаев Қазмұхамед – батыс алашорда қайраткері, қазақтың алғашқы арнайы білімді әскери мамандарының бірі. Әкесі Мұқан Гурьев-Орал аралығында түйемен кіре тартып, балық тасыған. Қ.Тәтібаев 1902 жылы Өріктікөлдегі екі сыныптық болыстық орыс-қазақ мектебін, 1905 жылы Електегі үш сыныптық қалалық орыс-қазақ училищесін бітірді. Училищеден «бастауыш училище мүғалімі» атағымен шығып, 1905-1916 жылдары Орал облысында ауылдық, болыстық мектептерде және Түркістан өлкесіндегі орыс-түзем мектептерінде мұғалім болды. 1916 жылы бұратана халықтан тыл жұмысына адам алу басталған кезде Ташкент әскери училищесі жанындағы прапорщиктер мектебіне түсті. 1917 жылы ақпанда мектепті бітірген соң Парсы майданына, 9-Түркістан бригадасының қарамағына қызметке жіберілді. Онда 1917 жылы қазан айына дейін 3-полк жанындағы әскери көлік бөлімінің бастығы болды. Сол жылғы қараша айында денсаулығына байланысты демалыс алып, елге келді. Жолда Темір уезіне қарасты Жұрын стансасында Ойылда жиналыс өткізіп келе жаткан Ж.Досмұхамедовпен кездесті. Оның Жайық сырты қазақтарының милициясына жұмысқа шақырған ұсынысын қабылдап, әскери бөліміне қайтпай қалды. 1918 жылдың басында Ж.Досмұхамедовтің тапсырмасымен Жымпитыға қару-жарақ жеткізді. 1918 жылы Каратөбедегі III Қазақ Орал съезіне, 1918 жылғы мамырдағы IV Қазақ Орал облыстық съезіне Өріктікөл болысынан делегат болып қатысты. Ойыл уәлаятының Халық милициясын құру жөніндегі қарарға орай соңғы съезде уәлаят қарулы күштерін құру міндеті жүктелді. Батыс Алаш Орда полктерін жасақтау, юнкерлік мектептер ашу ісінің басында тұрды. Кейінірек Жанша және Халел Досмұхамедовтермен Орал Войско үкіметімен арадағы қарым-қатынас мәселесінде туындаған пікір алшақтығына байланысты ауылға қайтып, Өріктікөл болыстық мектебінде меңгеруші болды (1918, шілде – 1919, ақпан). 1919 жылы ақпанда Қызыл армия Орал қаласын алғаннан кейін қалаға келіп, облыстық халық ағарту бөліміне инспектор болып жұмысқа кірді, М.Х.Мырзағалиев, Ә.Әлібековтермен бірге компартия қатарына енуге өтініш берді. Чапаев дивизиясы Колчак майданына жіберілген соң казак әскері бел ала бастаған шақта партия ұясына өзінің коммунист болуға әзір сенімді еместігін мәлімдеді. Сол үшін ұя мүшелері тарапынан «жанаяр, еңбекші халықтың жауы» деген айып тағылып, осы жөніндегі қаулы большевиктік «Яицкая правда» газетінде жарияланды. 1919 жылы сәуір айында Кеңес өкіметі Мәскеуде А.Байтұрсыновпен арадағы келіссөз нәтижесінде Батыс Алаш Ордамен байланыс жасау жөнінде шешім қабылдап, осыған орай Жайық облыстық ревкомына жіберілген В.И.Ленин жеделхатына орай қабылданған Жайық (Орал) облыстық революциялық комитетінің Ұлт істері жөніндегі коллегиясы шешімімен Жайық облревкомы председателі И.И.Ульяновтың атынан Батыс Алаш Орда үкіметіне баратын делегат (парламентер) болып белгіленді.

Қызыл армияның шегінуіне байланысты Ж.Досмұхамедұлы жауап беруді кідірте тұратыны белгілі болған соң еріп келген кызыләскер Мағзұм Сапаровты кері қайтарып, өзі Жымпитыда қалды. Сол жылы жаз бойы земство ұйымдарында жұмыс істеп, облыстық земстволық гласный (сайлаушы) болды.
Халық ағарту комиссариаты саласында жұмыс істеу үшін Орынбор қаласына жіберілді. 1930 жылдары сталиндік қуғын-сүргін зардабын шегіп, ұзақ жыл айдауда болды. Кейінгі жылдары Орал облысында, туған ауылында тұрды.

Әдебиеттер:

Тәтібаев Қазмұхамед / Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.301-302
Тәтібаев Қазмұхамед / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. – Алматы:Сардар, 2009.– б.386-388