Меңдіханов Ишанғали (1872-1919)

34

Алғашқы қазақ драматургы, мемлекет және қоғам қайраткері Меңдіханов Ишанғали (1872 жылы Бөкей ордасы, Қалмақ ауылында туған. 1885 жылы Ордадағы 2 кластық орысша-қазақша мектепті, 1891 жылы Орынбор мұғалімдер семинариясын бітірген. 1891-1898 жылдары Ақтөбе қаласындағы  2 кластық училищеде сабақ берген. 1898 жылы Меңдіхановты қазақ халқының ұлттық мүдделерін қорғаған ашық пікірлері үшін орыс миссионер-мұғалімдері қуғындап, мұғалімдіктен босатады. 1899-1902 жылдары Ишанғали Ақтөбе уездік бітімгершілік (мировой) сотында тілмаштық қызмет атқарады. Содан соң ол елге оралып, Бөкей Ордасын басқаратын Уақытша Кеңесте кеңесші, Қамыс-Самар правителінің көмекшісі болады. 1916 жылы қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу туралы патша жарлығына наразылық білдірген қазақ депутациясының құрамыңда Сант- Петербургке барады. Осы әрекеті үшін Меңдіханов саяси сенімсіз адам ретіңде қызметінен алынып, қуғын-сүргінге ұшырайды. Сол кезден бастап ол шығармашылықпен жұмыспен айналысады. Оның әр жылдары жазылған «Үйшік-үйшік», «Ғалым иесі», «Байғұстар», «Малдыбай», «Тамырлар» атты пьесалары Уфа, Қазан, Ташкент, Орынбор қалаларының сахнасында қойылды. 1917 жылы Ақпан революциясынан кейін Бөкей Ордасында жаңадан құрылған ОАК-тің мүшелігіне сайланып, Уақытша үкіметтің жергілікті жердегі комиссарының көмекшісі міндетін атқарады. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін 1918 жылы  қарашада Бөкей әскери ревкомының баспасөз бөлімінің меңгерушісі, ішкі істер халық комиссары болады. 1919 жылы жұмыс бабымен жүрген кезінде анархист Ефим Панченко бастаған бандалар қолынан қаза табады. Орда ауданыдағы бір көше И.Меңдіхановтың есімімен аталады.

 

Әдебиеттер:

  1. Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.307-380
  2. Меңдіханов Ишанғали // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.240-241
  3.  Өзбекұлы С. Арыстары алаштың: тарихи очерктер. – Алматы: Жеті жарғы, 1998. – 192 б.

Интернет сілтеме:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Ишанғали_Меңдіханов