Әуезов Мұхтар (1897-1961)

10Әуезов Мұхтар Омарханұлы (28.09.1897, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы – 27.06.1961, Мәскеу. Алматы қаласында жерленген) – әйгілі жазушы, қоғам қайраткері, ғалым, ХХ ғасырдың бас ширегінде Алаш қозғалысына қатысқан тұлға. Алты жасында атасы Әуездің үйретуімен Абай өлеңдерін жаттап, оны ұлы ақынның өзіне айтып берген. Бұл оқиға бала Мұхтардың есінде мәңгі сақталып қалады. Ауылда мұсылманша хат танығаннан кейін, 1908 жылы Камалиддин хазірет медересесінде оқыған. 1910 жылы Семей қалалық бес сыныптық учиилищеде орысша оқуға түседі. Жастай шығармашылықпен шұғылданады. 1917 жылы Шәкәрімнің «Жолсыз жаза» дастаны негізінде «Еңлік-Кебек» пьесасын жазып, өзі режиссер әрі суфлердің міндетін атқара жүріп оны Әйгерімнің отауында сахнаға шығарады.

1917-1919 жылдары Алаш қайраткерлері бастаған елшіл істердің ортасында жүреді. Ресейдегі саяси төңкерістер, Уақытша үкіметтің, Алашорда халықтық кеңесі (1917 ж. тамыз) мен үкіметтің (желтоқсан, 1917) құрылуы Әуезов өміріне үлкен өзгерістер әкелді. Ол Семейде «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Жазушы 1918 жылы 5-13 мамырда Омбыда өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақтық жастар ұйымы құрылады. Әуезов Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығарады. Онда «Ғылым», «Будда», «Абайдың өнері һәм қызметі», «Қазақ ішіндегі партия неден?», «Қазақ әйелі», «Қазақ қашан жетіледі» т.б. мақалалар жазып ұлттық демократиялық үрдіске негізделген өркениетті мемлекет құру идеясын насихаттады.

1919 жылдан бастап Семей қаласында қоғамдық-саяси жұмысқа араласа бастайды, жергілікті басқару, сот мекемелерін құру жұмыстарына ұйтқы болады. 1920-1921 жылдар Семей облыстық атқару комитеті қазақ бөлімінің және облыстық сот меңгерушісі, 1921 жылы Семей облревкомының төралқа мүшесі, облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарады. 1921-22 жылдары ашаршылық тұсында қазақ қызметкерлерінің төтенше кеңесін шақыртып, Мәскеу экономикалық қысымын қатты сынға алады. Пікірлес досы, Қазақ АКСР-і ОАК-нің мүшесі С.Сәдуақасов екеуі қазақ ұлтына большевиктер тарапынан қолданылып отырған жазалау және шеттету саясатына қарсылық білдіріп, комитет алдына 8 түрлі мәселе қояды. Осыдан кейін хат иелерін «ұлтшыл» деп қудалау басталады. 1922 жылы жаз айында Әуезов аштарға көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін Семейге өкіл болып келеді де, күзде Ташкенттегі Орта Азия Мемлекеттік университетіне тыңдаушы болып оқуға түседі әрі «Шолпан», «Сана» журналдарының алқа мүшесі болады. 1924-1925 жылдары Семейдегі мұғалімдер техникумында оқытушы болады. 1925 жылы Ленинградтағы мемлекеттік университетінің тіл-әдебиет бөліміндегі оқуын жалғастырады.

Қайраткер Т.Рысқұловпен тығыз байланыста болып, оның әкесі Рысқұл туралы «Қараш-Қараш оқиғасы» повесін және «Хан Кене» пьесасын жазады. 1928 жылы Қ.Кемеңгерұлы екеуі Орта Азия мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданады. Осы жылдары қазақ әдебиетінің алтын қорына кірген «Қорғансыздың күні», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» атты әңгімелерін жазып, биік суреткерлік деңгейін көрсетті. Жазушы 1930 жылдары біршама қуғын-сүргін көреді. Алаш қозғалысының көсемдерімен бірге 1930 жылы тұтқындалып, 1932 жылға дейін Алматы абақтысында отырып шығады. Екі жылға созылған тергеуде қазақтың өткен тұрмысын мадақтаған шығармаларды жазды деген айыптар тағылады. 1951-1954 жылдары бір топ ғалым, жазушылармен бірге идеологиялық қуғын-сүргінді тағы да бастан кешірді. 1953 жылы сәуірде қамау қаупі төнгенде, Мәскеуге кетіп қалуға мәжбүр болады. Онда А.Фадеев, К.Симонов, В.Кожевников, Н.Тихонов іспетті орыс жазушылары араша түсіп, М.Әуезовті жазықсыз жазадан аман алып қалады. Жазушы Алаш ұрпақтарына моральдық тұрғыдан жәрдемдескені белгілі. Ол талантты жастарға көп үміт артты.

Әдебиеттер:

1. Әуезов Мұхтар // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – б.79-85.
2. Әуезов Мұхтар // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – б.98-100.
2. Жұртбай Т. Әуезов және Алаш идеясы // Абай. – 2009. – № 1. – Б. 23-33.
3. Кемеңгер Қ. Мұхтар мен Қошке // Абай. – 2012. – № 1-4. – Б.100-103
4. Тәбәрікұлы С. Ұлтының асыл перзенті: Алашорда – 90 // Ертіс өңірі. – 2007. – 18 сәуір. – Б.10
5. Тәбәрікұлы С. Ұлы жазушы және Алаш // Семей таңы. – 2007. – 29 наурыз. – Б.9

 

М. Әуезов туралы деректер

  1. Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың тоқалы Нұрғанымның туған інісі.
  2. 1910 жылы Мұхтар Әуезов Семей қалалық 5 кластық орыс қазына училищесінің соңғы класында – “Дауыл” атты алғашқы шығармасын жазады. Бұл шығарма қолжазба күйінде қалған. Түп нұсқасы сақталмаған. Ешқандай баспасөз бетінде жарық көрмеген.
  3. 1913 жылдың Семей қалалық «Ярыш» футбол командасының құрамына кіріп, жартылай қорғаушысы болған.
  4. 1909-1915 жылдары Семейдегі мұғалімдер семинариясында Жүсіпбек Аймауытовпен бірге оқыған.
  5. Он алты жасында Абай өлеңдерін жатқа айтқан.
  6. 1914 жылы 26 қаңтарда Абайдың қайтыс болуына байланысты ұйымдастырылған әдеби кешке қатысқан.
  7. 1915 жылы 13 ақпанда Приказчиктер клубында Біржан мен Сара айтысын сахнаға бейімдеп көрсеткен. Бұл ойынды ұйымдастыру жұмысына сол кездегі оқушылар Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов қатысқан.
  8. «Еңлік-Кебек» пьесасын Абайдың немересі Ақылияның тойына тарту ретінде бес күн ішінде жазып, 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде тіркестіріп тіккен киіз үй сахнасында қойған.
  9. Жүсіпбек Аймауытовпен бірігіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» аталатын алғашқы мақаласы 1917 жылы 10 наурызда «Алаш» газетінде басылды.
  10. 1918 жылы 5-13 мамырда Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады.
  11. 1918 жылдың ақпан – қазан айлары аралығында Мұхтар Әуезов жазушы Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп, Семейде «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға қатысады. Небәрі 12 саны жарық көрген. Редакторы – Ж.Аймауытов, ал ғылыми бөлімін М.Әуезов басқарған.
  12. 1919 жылы Семей атқару комитетінің меңгерушісі, 1920 жылы қазақ тілі газетінің редакторы, 1921 жылы губерниялық атқару комитетінің төрағасы, 1925 жылы Каз пед техникумының мұғалімі қызметтерін атқарған.
  13. 1921 жылы «Қызыл Қазақстан» журналының 3-4 сандарында шыққан «Қорғансыздың күні» әңгімесін «Арғын» деген бүркеншік атпен жариялаған. Ол 1922 жылы жеке кітап болып шыққан.
  14. 1921 жылы М.Әуезов Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов т. б. белгілі әдебиет қайраткерлерімен жақын араласты.
  15. 1921 жылы қыркүейек айында Семей қаласында өткен екінші губерниялық кеңестер съезінде М. Әуезов Орынбор қаласында өтетін Бүкіл қазақ съезіне депутат болып сайланады.
  16. 1922-23-ші жылдың қысында Ташкентте «Шолпан» журналын шығаруға қатысады. Бұл журнал Әуезовті үлкен шығармашылық сапарға аттандырған киелі басылым болған. Ташкентте тұрақтаған кезінде «Шолпан», «Ақжол», «Сана» журналдарында мақалаларын жариялап тұрады.
  17. М.Әуезовтің орыс тілінде жазған тұңғыш мақаласы «Степная правда» газетінің 1923 жылғы 16 маусымындағы саныңда «К трехлетию Кирреспублики» деген атпен жарияланды.
  18. 1923 жылы «Еңбек тәртібін бұзғаны және ұлтшылдық әрекеті үшін» РКП(б) қатарынан шығарылады.
  19. 1923 жылы Ленинград университетіне арнайы жолдамамен оқуға барып, қоғамдық ғылымдар факультетінің әдеби-лингвистикалық бөліміне қабылданады.
  20. 1923-26 жылдары «Оқыған азамат», «Қыр суреттер», Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде» «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу»т.б әңгімелерін, «Бәйібше-тоқал», «Қаракөз» пьесаларын жазды.
  21. 1924 жылы 1 қазанында М.Әуезов Орыс-географиялық қоғамына толық мүшелікке алынады.
  22. 1924 жылы 29 желтоқсанда Луначарский атындағы клубта, қоғамның күшімен қазақ тілінде әдеби кеш өткізіліп, онда Абайдың құрметіне «Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны» деген тақырыпта баяндама оқыған.
  23. 1926 жылдың 13 қаңтарында Қызылорда қаласында ашылған академиялық-драма театрына 1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР министрлер кеңесінің қаулысымен Қазақтың Мемлекеттік академиялық театрына М.Әуезовтың есімі берілді.
  24. 1930 жылы М.Әуезов идеялық көзқарасы үшін тұтқынға алынады. Тергеу ұзаққа созылып, 1932 жылғы сәуір айында үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарылады.
  25. М.Әуезов 1932—1934 жылдарда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында, 1934 жылдан өмірінің соңына дейін С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) қазақ әдебиетінен лекция оқыған.
  26. М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы 15 жылғы зерттеу–еңбектің жемісі.
  27. 1951-1953 жылдары М.Әуезов М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті КСРО халықтары әдебиеті кафедрасының профессоры болған.
  28. 1955 жылы шет елге сапар шегіп, Германия Демократиялық Республикасы (ГДР) жазушыларының Берлинде өткен съезіне құрметті қонақ ретінде қатысты.
  29. 1955—1957 жылдары алты томдық таңдамалы шығармалары басылып шығады.
  30. 1956 жылы КСРО мәдениет қайраткерлері өкілдерінің қатарында Чехословакияда болды.
  31. 1957 жылы жазушының 60 жасқа толу мерейтойы Алматыда, Мәскеуде салтанатпен атап өтіледі
  32. 1958 жылы Ташкентте өткен Азия және Африка елдері жазушыларының 1-конференциясын ұйымдастырушылардың бірі болды.
  33. 1960 жылы АҚШ-қа барып қайтып, 1961 жылы Үндістанға екінші рет сапар шегеді.
  34. 1997 жылы ЮНЕСКО М.Әуезов жылы деп жариялап, тұлғаның 100 жылдығын алдымен Парижде, содан соң дүние жүзі көлемінде тойлады.
  35. Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясын жазуға 30 жыл уақыты кетті. Он тоғыз жасынан Абай туралы жазуды ойға алып, он жеті жыл үздіксіз ізденіп, он екі жыл ішінде жазып шықған. Әуезов алғашқыда екі кітаптан тұратын “Абай” (1942, 1947), одан кейін мұның жалғасы ретінде “Абай жолы” (бұл да екі кітаптан тұратын, 1952, 1956) романын жазды. Осы төрт томнан тұратын “Абай жолында” қазақ қоғамының алуан түрлі топтары кең қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалды.
  36. Алғашқы екі кітаптан тұратын «Абай» романы үшін жазушыға КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1949) беріліп, төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы жарық көргеннен кейін ол Лениндік сыйлықтың лауреаты (1959) атанды.
  37. Мұхтар Әуезов – ҚазҰУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының негізін қалаушы.
  38. Әуезовтің қаламынан отыздан аса драмалық шығарма туған. Жеке пьесалардың нұсқаларын қосса, елуден асады.

 

М.Әуезовтың отбасылық өміріне қатысты деректер:

  1. Мұхтардың атасы Әуез – Құнанбайдың тоқалы Нұрғанымның туған інісі.
  2. Жазушы 4 рет үйленген. Бірінші әйелі – Райхан, Одан тараған ұрпақ: қызы Мұғалима (1918-2010), ұлы Шоқан ерте шетінеген.
  3. Екінші әйелі – Абайдың немересі, Мағауия қызы – Кәмилаға 1920 жылы үйленген. Одан тараған ұрпақ: екі қызы болған, екеуі де ерте шетінеп кеткен.
  4. Үшінші әйелі – Ленинградта оқып жүргенде үйленген Кузьмина Валентина Николаевна. Одан тараған ұрпақ: Елдес (1927-1928), Елдар (1941-1944), Ернар (1943-1995), Лейла (1929- 1993)
  5. Төртінші әйелі – Фатима Ғабитова. Одан тараған ұрпақ: Мұрат Әуезов (1943)