Барлыбек Сырттанов

Барлыбек Сырттановтың жары – Еркежан Аталыққызы (1868 – 1942)

Еркежан Аталыққызы оқымаған, үй шаруасындағы әйел болған. Төркіні – Қапал-Арасаннан Төре-Төлеңгіт елінен. Әкесі Аталық еңбекші, кедей адам болған. Арасандағы қазақ-орыстардың сиырын баққан. Шешесі- Қырмызы, он саусығынан өнер тамған шебер болған.

1888 жылы Сырттан Бақин Қапал уезі, Арасан болыстығынан Верный уезіне қарасты Шелек поселкесіне қоныс аударған кездегі отбасылық жағдайы туралы архив құжаттарында төмендегідей мәлімет кездеседі:

«… Барлыбек  жасы 22-де, білімді, Санк-Петербургтегі  Императорлық университетте білім алуда. Әйелі Еркежан  20-да». Осы мәліметке қарағанда Еркежанның туған жылы 1868 жылға саяды.

Барлыбектей азаматтың жары болған Еркежан оқып-тоқымаса да, жазылмаған дала «заңын» жақсы меңгерген, жақсының жары бола білген адам болыпты.  Кезінде Еркежан Аталыққызы көрегендік танытып, ері Б.Сырттановтың артында ғұмыр бойы жинаған 2000-ға тарта араб, парсы, қазақ, орыс тілдерінде жинаған кітаптарын «халық оқысын, үйден жоғалып, талан-таражға түсіп кетіп жүрер» деп кітаптарды Қапал маңында орналасқан Қайнар мешітіне тапсырған екен. Ол кітаптарды заманында белгілі қаламгер Ілияс Жансүгіров пайдаланған деген дерек те бар.

Еркежан Барлыбектің өлімінен соң тергеуге тартылып, бақылауға алынған. Тіпті екі рет Қапалдағы түрмеге қамалған.

Барлыбек Сырттанов пен Еркежан Аталыққызынан Зүбайда, Ләтипа, Абдулқадыр, Дәрі­бек, Қызырбек, Қанипа, Салиха есімді балалары болған.  Балалары  совет заманында тектерін ауыстырып, саяси қуғыннан аман қалып, аса жауапты қызметттерде басшылық еткен.

 

Барлыбек Сырттанов пен Еркежан Аталыққызының балалары Абдулқадыр Барлыбекұлы Сырттанов (т.ж.б. – ө.ж.б.)

Абдулқадыр Барлыбекұлы алты жарым жасынан оқып, хат тани бастаған. Алматыда мұсылманша Илхам бай мектебінде екі жыл, озат гимназияда алты жыл оқып, 1912 жылы түрлі себептерден гимназия бітіре алмаған. 1918 жылы июнь, июль айларында Ақсу ауданына Совет үкіметі уақытша орнады. Ол кезде Абдулқадыр ауылда мал бағады.1920 жылдан бастап 1958 жылға дейін қызмет атқарған, 1958 жылы құрметті демалысқа шыққан.

1920 жылы Ақсу болысына ауылревкомының мүшесі және хатшысы болып қызмет атқарған.  Ақсуда қазақ-татар көркемөнерпаздар үйірмесін, оның репертуарын жетілдіріп және спектакілді қоюды ұйымдастырушы болып жұмыс атқарған.  1921 жылы Армия қатарына алынып,  1922 жылы қаңтар айынан желтоқсан айына дейін Қапалда волисполком председателі қызметін атқарған. 1923 жылы ағатру ісі, мектеп салу жұмысымен шұғылданған. 1923 жылы қыркүйек айынан бастап Қапалда халық сот қызметін атқарған. 1924 жылы Талдықорғанда уполноченный губернского суда болып істеген. 1925 жылы Алматыдағы губерниялық соттың алқа мүшесі қызметінде болған. 1926 – 1928 жылдары  Жаркент қаласында губерниялық сотта уполномоченный болып және Жаркент уезінде судья қызметін атқарған. 1928 жылы сәуір айынан декабрь айына дейін Алматыда губерналық соттың орынбасары қызметінде болған. Алты жыл сот жұмысындағы документтермен де қызметті жақсы атқарғаны үшін құрмет қағаздармен марапатталған. 1928 жылы желтоқсанда сот жұмысынан босап, Іле өзені станциясы начальнигінің 2-ші орынбасары болып істеп, 1930 ж. август айында ол қызметтен босаған.

Абдулқадыр Барлыбекұлының өзінің қолжазбасында: «Осы уақыттан бастап Ақсудың 3-ші ауылы «Сүттіген» тағы басқа 3-ші ауыл қарамағындағы елді аралап, колхоз ұйымдастыруда белсене жұмыс атқардым. 1930 ж. октябрь айына дейін (справка бар). 1930 ж октябрь айында Алматы келіп, қалалық автотранспорт ұйымының қызметіне кіріп, Қазақстанда бірінші ашылған 6 айлық курсті бітіріп, сол автотранспорт басқармасында шофер-вулканизатор болып сол жылы автотехникумда оқыдым.

1933 жылы июль айынан автошколда автомобильден және қаладағы көше қозғалысынан сабақ беріп, үздіксіз қызмет атқарып, 1958 жылы 10 июльден пенсионермін. Бірнеше ондаған жылдар бойы үздіксіз жұмыс істегенімді құрметтеп, автошкола коллективі демалысқа шығарып салды. Қазір автоколлектив берген үйде тұрамын.  Алматы қаласы Шевченко көшесі №174 Д, кв 3, телефон 4-42-37.1920 жылдары партиялық қызметке кіріп, 1924 жылы партия мүшесіне кірдім. 1930 жылы түрлі себептерден партия қатарынан шығып қалдым. Әрине, өткен уақыт пен қазіргі уақыт бірдей емес қой. Мен ұзақ уақыт тергеуде және бақылауда жүріппін. Бақылау 1956 жылы сіз бақылаудан боссыз дегенде ғана бірақ білдім. Міне, осындай ақты қара деп, шаш ал десе баса алған заман еді ғой ол уақыт. Орта дережелі білім болды.

Істеген қызыметтеріме байланысты алған сыйлықтарым төмендегіше:

  1. Бірінші бес жылдықтың орындалуына байланысты «1932 года завершающего пятилетку орден-знак 1917 СССР. 1932.
  2. Медаль за доблестный труд Великой отечесть.войне 1941-1945 гг.
  3. Знак отличник Социалистического соревнования министертво автотранспорта КазССР.
  4. Радиоприемник «Актава» за хорошую и  безупречную работу.
  5. Телевизор «Старт 2» с уходом на пенсию.
  6. Деловой отзыв и блогадарность от призидиума Джаргентского уезного исполнительного комитета ныне Панфиловский  р-н, Джетысуйской обл. От 11 – го марта 1928 г за №38/0/10.
  7. Жеті дана грамоталар, оның бесеуі құрметті – наградталдым. Оны автотранспорт коллективы және профсоюздық республикалық комитететі наградтаған болатын.
  8. Көптеген алғыстар мен заттай сыйлықтар алдым. Міне менің тіршілігімдегі қысқаша өмір тарихым мен істеген жұмыстарым» деп көрсеткен», – деп жазады.

Абдулқадыр Барлыбекұлы М.Әуезов, І.Жансүгіров, Ф.Ғабитова, О.Жандосов, Қанабек, Күләш Бәйсейітова сынды қазақ интеллигенцияларымен өте жақын араласып тұрған.

Өмірлік жары – Сырттанова Гүліш Оразбекқызымен үш ұл, үш қыз өсірген.

Дәрібек Барлыбекұлы (т.ж.б. – ө.ж.б.)

Дәрібек Барлыбекұлы  1920 – жылдары қуғын көрген. Одан  Талғат, Самұрат, Сара  есімді ұрпақтары тараған.  Дәрібек, Талғат, Самұрат үшеуі 1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан.

Салиқа Барлыбекқызы Сырттанова (т.ж.б. – ө.ж.б.) 

Салиқа Барлыбекқызы ұлт жолында құрбан болған ардақты азамат Шамай Шынасыловқа тұрмысқа шыққан.  Б. Сырттановтың Петербордан  шәкіртақысына сатып алып әкелген кітаптары Салиханың жасауына қоса берілген.

Қанипа Барлыбекқызы Сырттанова (т.ж.б. – ө.ж.б.)

 Барлыбек Сырттановтың немересі Мүгілсім Абдулқадырқызының берген сұхбатында: «Еркежан әжемнің  айтуымен әкемнің қарындасы Қанипа тыңшылардан қорқып, әкесінің бүкіл дүниесі мен мүлкін жерге көміп тастайды. Бірақ арада біраз жыл өткен соң, жерге көмілген заттарды қайта қазып алып, оның барлығын зерттеуші Сәкен Өзбекұлына табыстайды»,  –  деген дерек бар.

 

Барлыбек Сырттановтың немерелері 

Мүгілсім Абдулқадырқызы өз сұхбатында  «Барлыбектің немерелерінің көбі дәрігер болып, медицина саласына келді. Мен –көз дәрігерімін. Осы Қарағандыдағы институтта оқытушы болдым. Сіңілім Әсия да дәрігер, Алматыдағы мединституттың доценті, медицина ғылымдарының кандидаты. Менің үлкен ұлым Нұрлан да дәрігер, Қарағандыдағы мединститутта кафедра меңгерушісі ғалым.

Барлыбектің немерелері де еліміздің дамуына үлкен үлес қосты. Мысалы, уақытында Сара Дәрібекқызы Байланыс министрінің орынбасары, Самед Абдулқадырұлы Автотранспорт министрінің орынбасары, Төле Абдулқадырұлы Газ министрінің орынбасары, ал Самұрат Дәрібекұлы – қазақтан шыққан тұңғыш алғашқы генералдардың біреуі. Жалпы Барлыбектің біраз ұрпағы  ғылыми дәреже қорғап, ғылым саласында еңбек етіп жүр», – деп мәліметтер берген.

Белгілі қаламгер, өлкетанушы Тәңірберген  Қалилахановтың жеке мұрағатынан табылған құжаттардың бірінде Кәке (Абдулқадыр) Барлыбекұлының өмірбаян үлгісінде жазған  күнделік дәптерінде: «Үлкен қызым Қарағандыдағы глазной институтта врач және мединститутта мұғалім, партия мүшесі. Ортаншы қызым Кеген ауданында врач-ВЛКСМ мүшесі, кіші қызым – ВЛКСМ мүшесі, Алматы мединститутының соңғы курсында оқып жүр. Үлкен ұлым Совет минстірде, ортаншым автошколда мұғалім-инструктор, кіші ұлым зам. Минстерствода. Соңғы қызымнан басқалардың бәрі де семья құрған. Немерелерім өсіп жатыр. Алды институттың 5 курсінде. Кішілері детсад, бесікте», – деген мәліметтер кездеседі.

 

Самұрат Дәрібекұлы Сырттанов (1924 – 1968)

Самұрат Дәрібекұлы Талдықорған облысы Ақсу селосында дүниеге келген.

1941 ж. Мәскеу авиациялық институтында оқып, 1942 жылы өз еркімен Кеңес Әскерінің қатарына алынып, Подольск артилериялық училищесін бітірген. 1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысында 4-Украин, 1- Прибалтика, 1- Белорус, 2-Прибалтика майдандары құрамында батарея, рота командирі, 19- Перекоп танк корпусы полк барлауының бастығы болды. Орел-Курск операциясында, Украинаның оңтүстігін, Қырымды, Прибалтика, Румыния мен, Чехославакияны азат ету ұрыстарына қатытсы. 1952 жылы бронды танк және механикаландырылыған әскерлер әскери академиясының инженерлік факультетін бітірді. 1952 жылдан әскери орындарда, танк және моторлар жөндеу қызметтерінде болған. Германиядағы Кеңес әскерлері штабында дивизия командирінің техника жөніндегі орынбасары, Түркістан әскери округының автотрактор қызметі бастығының орынбасары және оның бастығы қызметтерін атқарды.

1-інші және 2-інші дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту, 2 рет Қызыл Жұлдыз медальдармен марапатталған. Самұрат Дәрібекұлы Барлыбек немересі – қазақтан шыққан алғашқы алты генералдың бірі. Самұрат – Кеңес үкіметінің әскери ісінің дамуына зор үлес қосқан айтулы тұлға.

Мүгілсім Қадырқызы (құжатта – Абдулқадыр) Сырттанова (1923)

Барлыбек Сырттанұлының туған немересі Мүгілсім Қадырқызы Сырттанова – еліміздегі медицина саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті дәрігер әрі ғалым. Ол – КСРО Денсаулық саласының үздігі. Қаншама науқастың дертіне араша түсіп, аса күрделі оталарды жасаған.

Мүгілсім Қадырқызы  дүниеге келген сәтінен бастап, қазақтың ата салты бойынша, әжесі Еркежанның бауырында өскен.

Әдебиеттер тізімі:

  1. Барлыбек Сырттанұлы (1866-1914) Өмірі мен шығармашылығы / Құраст.: Е.Тоқтарбай. – Нұр-Сұлтан, 2019. – 248 б.
  2. Тоқтарбай Е. Барлыбек туралы бірер сөз.Б.Сыртанұлының өмірі мен қызметі туралы тарихи толғам. – Алматы: «Баянжүрек», 2019. – 174 б.
  3. Тоқтарбай Е. Тектінің ұрпағы // Сарасөз. –   –  №1.