Жұмағали Тілеулин

Жұмағали Тілеулиннің  жары – Темірбекова  Райхан Құсайынқызы (1890-1938)

Темірбекова Райхан Құсайынқызы 1895 жылы Айыртау ауданының Қаратал ауылында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Әкесі-Құсайын Темірбеков Омбы қаласының әскери медициналық фельдшер училиищесін бітірген, халық арасында «Доктор Құсайын» атанып кеткен фельдшер-дәрігер. Анасы-Рәбиға Шәріпқызы Темірбекова.

Әкесінің медицина училищесінде білім алған Райхан Құсайынқызы  араб  және орыс тілдерін тамаша меңгерген. Әкесінің ақыл-кеңесімен, қалтқысыз қамқорлығымен тиянақты білім алған Райхан өз ортасының үлгі-өнегесі, мен көркі болады. Әрі асқан сұлу ол жаны ізгі, жаңалыққа, жақсылыққа құштар, өте құрметті адам болған. Сондықтан Райхан апайды барлық туысқандар «Тату» деп атап кеткен екен. Райхан әкесі басқарған  медициналық училищені бітіргеннен кейін, Омбы  қаласының әскери-медицина училищесін тәмамдаған Жұмағали Тілеулинге  тұрмысқа шығып,  Петропавл қаласына қоныс аударады.

1932 жылы жары  Жұмағали Тілеулинді тұтқындап Воронежь облысына  жер аударуғаннан  кейін Райхан Шәріпқызы  отбасын асырау үшін  тәулік бойы медбике болып жұмыс істейді. 1938 жылы Жұмағали Тілеулинді «Халық жауы» деп тұтқындаған, Түркістан әскери округінің трибуналы соттап, ату жазасына кескен. Үкім орындалғаннан кейін Райхан Шәріпқызы балаларымен Қарабалта ауылына көшіп келіп, орта мектепте қырғыз тілінен сабақ береді.

Тұтқындаудан кейінгі ауыр жылдар Райханның   денсаулығына  кері әсер ете бастап, соның салдарынан   1955 жылы өңештің қатерлі ісігі пайда болып, Райхан баласы Серік оқып жатқан Ленинград қаласына барып операция жасатады, бірақ ота сәтсіз аяқталып, 1955 жылы сәуір айының 20-сы күні қайтыс болады. Сүйегі Санкт-Петербург (Ленинград) қаласында жерленді.

Райхан апа жарының ақталғаны туралы жақсылық хабарды естімей  өмірден өтті. Қолда бар  шығармаларын, хаттарын қиын-қыстау  кезде аман сақтап, кіші баласы Серікке  аманат етіп кеткен. Райхан Құсайынқызы Жұмағали Тілеулиндей саналы азаматпен қол ұстасып қатарласып, елдің беделін көтеруі ауыл тарихында алтын әріптермен жазылып қалды.

Ерік Жұмағалиұлы Тілеулин (1918-1945)

Ерік Жұмағалиұлына «Халық жауының» баласы деп сенімсіздік көрсетіліп, еңбек армиясына ғана алынып, сонда жүріп қайтыс болды.

Әзиз Жұмағалиұлы Тілеулин (1921 – ө.ж.б.)

Әзиз Жұмағалиұлы Бішкекте кұрылыс техникумын бітірісімен майданға алынып, хабарсыз кеткен. Фрунзе қаласындағы құрылыс техникумын бітіріп, соғыстың алғашқы кезеңінде ауылдық жерге  жұмыс істеуге жіберілген. Әскери комиссариатқа  есепке тұруға келгенде, сол ауданда тіркелмегендіктен қамауға алынып, одан кейін сотталып, айып батальонына майданға жіберілген. 1943 жылға дейін ол майданнан хат жазады, содан кейін хаттар болмаған. Жоғарғы органдардан  анасының сұрағына «хабар-ошарсыз кетті» деген қысқаша жауап  келген.

Серік Жұмағалиұлы Тілеулин (1926-2017)

Серік Жұмағалиұлы Тілеулин – 1926 жылы дүниеге келген. 1940 жылы 7 сыныпты бітіріп, құрылыс техникумына оқуға түскен. Алайда, 1941 жылы техникум жабылып, Қарабалтаға оралып, қант зауытында ФЗУ-ға түседі. ФЗУ бітіргеннен кейін оны зауытқа слесарь-жөндеуші  болып жұмыс істеген.

Серік Жұмағалиұлы 1944 жылы Қырғыз медициналық институтының дайындық курсына оқуға түсіп, 1948  жылы  Алматы медициналық институтына ауысып, 1950 жылы  үздік бітірген. Өмірбаянына байланысты аспирантурада оқуын жалғастыра  алмай, Гурьев қаласында туберкулез емханасында фтизиатор болып қызмет етеді. Кейіннен анасының денсаулығына байланысты Алматыға көшіп келеді. 1966-1994 жылдары – нейрофизиология институтында зертхана меңгерушісі, 1994 жылдан  СКТБ «Гранит» аға ғылыми қызметкер болып қызмет істеді. Медицина саласына елеулі үлес қосқан  нейрофизиолог дәрігер, медицина  ғылымының докторы, 150 ден астам ғылыми еңбектің авторы.

«О стабильности электрической активности головного мозга у здоровых людей», «Спинномозговые механизмы температурной чувствительности» оның негізгі ғылыми жұмыстары болып табылады. С.Тілеулиннің 16 авторлық куәлігі бар, 10 ғылым кандидатын және үш докторды дайындаған.

Серік Жұмағалиұлы әкесімен бірге аз өмір сүрген, шамамен бес жыл әкесінің алғашқы қамауға алынуына дейін Петропавлда және әкесі қуғыннан оралғаннан кейін 1935 жылдың аяғында 1938 жылдың қаңтарына дейін Қырғызстанда бірге болған.  Ол Қырғызстанда әкесімен бірге өмір сүргенін әкем  кейде менімен сөйлесіп, Омбыдағы фельдшерлік мектепте оқып жүрген кезіндегі өмірі туралы, 20-шы жылдары өзі қатысқан Ахмет Баржақсиннің пьесалары бойынша Петропавл қаласында қойылған спектакльдердің кейбір көріністері туралы еске түсіріп айтып беріп отыратынын өз естеліктерінде жазады. Ол туралы жазушы Сәбит Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» кітабында баяндаған.

«Соңғы рет  1938 жылдың қаңтарында коньки теуіп жүргенде көшеде конвоймен кетіп бара жатқан әкемді көрдім. Әкем маған анама  өзінің тұтқындалғаны туралы айтуымды өтінді. Осыдан кейін мен әкемді көрмедім. Оның соңғы фотосуретін мен ҰҚК Департаментінің Мұрағат басқармасына тағылған айып бойынша іс қағазынан көрдім. Суретте 15-20 күн ішінде ұрып-соғудың салдарынан әкемнің бейнесі адам танымастай өзгергенін байқадым», – есіне алады. Ол кезде өзінің небәрі 11 жаста ғана болғанын, әкесінің өмірі мен іс-әрекетінің барлық бөлшектерін есіне түсіре алмайтындығына өте өкінетінін айтады.

Ұзақ жылдар бойы Жұмағали Тлеулиннің отбасында оның тағдыры туралы ешқандай мәлімет болмаған. Тек 20 жылдан кейін әкесінің Түркістан әскери округінің трибуналымен сотталып, 1938 жылы ақпанда атылғанын білген. Әкесінің атылуы туралы қарапайым анықтамаға қанағаттанбаған Серік Жұмағалиұлы оның тағдыры туралы толық ақпарат сұраған. Кейіннен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің 2003 жылғы 22 тамыздағы №Т-294 хатын алып, Тілеулин Жұмағалидің 1938 жылы 17 қаңтарда тұтқындалғандығы, РСФСР ҚК 58-10-11 бабы бойынша Алматы облысы УНКВД үштігінің 1938 жылғы 15 ақпандағы қаулысымен ең жоғары жазалау шарасы-ату жазасына кесілгендігі,   Үкім 1938 жылы 17 ақпанда Алматы қаласында орындалғандығы және Түркістан әскери округінің әскери трибуналының 1958 жылғы 20 наурыздағы ұйғарымымен үштіктің 1938 жылғы 15 ақпандағы қаулысы жойылып, оған қатысты іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылғандығы жөнінде  хабарлама алған.

Серік Жұмағалиұлының әйелі Гүлжан Сүлейменқызы 1942 жылы туған, мамандығы – дәрігер.  Ұлы Данияр 1971 жылғы, жоғары техникалық білімді маман – программист. Оның әйелі Гүлнар – экономист. Жұмағали Тілеулиннің немересі Даниярдан 1992 жылғы Ерік атты шөбересі бар.

Серік Жұмағалиұлы 2017 жылы 80 жасқа толған шағында өмірден өткен.

Әдебиеттер тізімі

  1. Байәділ Б. Осы жұрт Жұмағалиды біле ме екен?! // Егемен Қазақстан. – 2020. – 23 қазан. – Б. 25.
  2. Муканов К. Жумагали Тлеулин – деятель «Алаш Орды»: документальная биография. – Алматы: Издательский дом «Жибек жолы», 2005. – 216 с.

 

Интернет ресурстары

  1. https://adebiportal.kz/kz/ultbolmysy/view/
  2. http://kazneb.kz/site/catalogue/view?br=1108781
  3. https://adebiportal.kz/kz/blogs/view/doktor_kusaiin__180