Арғыншиев Сахыпкерей (1887-1938)

6

Мемлекет қайраткері, Батыс Қазақстандағы революциялық қозғалысқа белсене қатысушы Арғыншиев Сахыпкерей 1887 жылы Орал уезі, Қараоба бекеті, 3-ауыл, қазіргі Тректі ауданынында туған, Әкесі Жарма кедей шаруа болған. Арғынша әулеті Қараоба атырабындағы белгілі әулеттердін бірі. Немере ағасы Жайтілеу Арғыншиев Ақпан төңкерісіне дейін Қараоба болысының управителі болған. Б.Қаратаевпен бірге Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын құруға атсалысқан, «Фикер» газетінің (Орал) авторы. Немере ағасы Ермұхамед Арғыншиев 1917 жылы наурызда Жайық сырты бөлігі азаматтық комитетінің, сол жылы сәуірде Орал облыстық қазақ комитетінің құрамына кірді. Арғыншиев  Қараоба болыстық орыс-қазақ мектебін және Орал қолөнер мектебін бітірді (1904 ж.). 1904 жылы Орал облыстық денсаулық сақтау бөлімінің стипендиясымен Воронеж ер балалар фельдшерлік мектебіне түсті. Оқып жүргенде лаңкестік (террорлық) бағыттағы социалист-революционерлердің Иванов басқаратын «Лига красного шнура» атты жауынгерлік тобының құрамына кірді. Воронеж губернаторы Бибиковке қастандық жасау әрекетіне қатысты. Астыртын ұйым әшкереленген соң фельдшерлік мектептегі серіктері Алексей Кутелев, Аверкий Адодин және Ливенцовпен бірге ауылға келіп жасырынды. Інісінің идеяларына, іс-әрекетіне наразы болған немере ағасы, Қараоба болысы Ермұхамед Арғыншиевтің уез бастығының көмекшісі Каймашниковке көрсетуімен 1907 жылы жазда А.Кутелев екеуі тұтқындалды. Ел ағаларының «басбұзарлық ойдан» бас тарту жөніндегі ағасы Ахмелгерей жеткізген ұсынысын қабылдамады. Қазан округтік әскери-дала сотының үкімімен кәмелетке толмауына байланысты екі жыл кемітіліп алты жыл каторга жұмысына кесілді. Иркутск қаласында каторга мерзімін өтеген соң Иркутск губерниясы Верхоленск уезіне қатысты Косостенск болысының Косая степь елді мекеніне мәңгіге жер аударылды. Елге 1917 жылы Ақпан төңкерісінен соң оралды. Иркутскіде жүріп үйленген ұлты бурят зайыбын ала келді Жайық өңіріндегі революциялық қозғалысқа бірден араласқан. Арғыншиев эсерлер мен меньшевиктер блогы бірлесіп құрған Орал облыстық Уақытша комитеті құрамында жұмыс істеді. 1917 жылы жазда Орал уездік жер комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. 1918 жылы наурыздың басында Б.Қаратаев, Ә.Әйтиевтің ықпалымен большевиктер жағына шықты. Сол жылы 6 наурызда өткен облыстық Солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттары кеңесінің құрылтай сиезіне қатысып, облыстық Совдеп атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Казак Войско үкіметі төңкеріс жасаған 29 наурызға қараған түні Б.Қаратаевпен бірге шанадағы киіздің астына тығылып қашып құтылды. Жымпиты түбіндегі Өлеңті болыстық земство управасының хатшысы, жақын ағасы Хакім Бекебасовты, Батыс Алаш-Орда үкіметі жанындағы Дін істері жөніндегі комиссия хатшысы, немере інісі С.Жайтілеуовті паналады. Осында 1918 жылдың аяқ шенінде М.Шоқайды іздеп келген Мария Шоқай-Горинамен кездесті, оған жөн сілтеп, көлік табуына көмектесті. Федоровка селосында жасырынған Ә.Әйтиев, М.Ипмағамбетовке жазалаушы отрядтар шыққанын хабарлап отырды, кейін олардың Темір уезіне өтуіне жәрдемдесті. 1919 жылдың басында Орал қаласы қазақтардың босап, жеңіс Қызыл армия жағына ойысқанда Қараоба атырабында жасағын құрып, жеті ауылда шегініп келе жатқан қазақ әскерлерін қарусыздандыру ісін ұйымдастырды. 1919 жылы ақпан айында Оралға келді. Орал ревкомының ұлт істері бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кейінірек ұлт істері коллегиясы ұйымдастыру-үгіт бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Сол жылы ақпанда Ұлт істері бөлімінің меңгерушісі Б.Қаратаевтың 2-Қараоба болысы Құмақсай поселкісіндегі Батыс Алашордаға іш тартатын адамдарды тұтқындау, мал-мүлкін тәркілеу жөніндегі тапсырмасын орындады. Б.Қаратаев, Ә.Әйтиев, М.Ипмағамбетовтармен бірге қазақ халқын Кеңес өкіметі жағына шығуға шақырған үндеухат таратты. 1919 жылы жазда Орал ревкомының агентура-барлау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Орал қаласы қорғанысына қатысты. 1919 жылы 13 шілдеде Орал ревкомының шешімімен құрылған Жайық сырты Кеңестерін ұйымдастыру бюросының мүшесі. Бюро құрамында Жайық сырты бөлігінде Кеңес өкіметі органдарын ұйымдастыру, ақ гвардия отрядтарын жою ісімен айналысты. Орал облыстық ревкомының 1919 жылы 11 қыркүйектегі қаулысымен Қазәсревкомының Орал облысының қазақ бөлігі мен Бөкей ордасын басқаратын Орал бөлімшесінің мүшесі болып тағайындалды. Сол жылы қазан айында Орал Қазәсревкомының шешімімен Бөкей ордасына жіберіліп, ондағы Кеңес құрылысын тексерді. 1920 жылдың басында Қазақ әскери-революциялық комитетінің мүшесі болып тағайындалды. Сол жылы 12 сәуірдегі Қазақ өлкесінің РК(б) П облыстық бюросының құрылтай мәжілісінде бюро мүшесі болып тағайындалды. Маусым айының басында Орынбор-Торғай губерниялық ревкомының құрамына РК(б)П облыстық бюросы атынан кірді. 1920 жылы 8 шілдеде РК(б)П облбюро шешімімен Қазәсревком төрағасы Пестковскийдің орынбасары болып тағайындалды. Пестковскийдің Мәскеуге қызметке ауысуымен Қазәсревком төрағасы міндетін атқарды, яғни С.Арғыншиев Қазақстан Республикасы тарихында қазақтан қойылған алғашқы үкімет басшысы болды. 1-Бүкілқазақ кеңестері құрылтай сиезі қарсаңында ішінде Ә.Жангелдин, С.Меңдешев, Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков бар қазақ делегеттарының басын қосып, коммунистер мен партияда жоқтар фракциясының сиездегі позициясын талқылады, қазақтың ұлттық, тұрмыстық, шаруашылық ерекшеліктері сиез шешімдерінде ескерілуі үшін бірлесіп дауыс беру жөнінде келісім жасалды. Айтылмыш сиезде Арғыншиев алғаш рет Қазақ үкіметі атынан есепті баяндама жасады, ҚАКСР ОАК мүшелігіне сайланды. 1920 жылы 8 қыркүйектен бастап ҚАКСР Халық шаруашылығы комиссариаты денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, қазан айынан әлеуметтік қамтамасыз ету халық комиссары.  2-Бүкілқазақ кеңестер сиезінде (1921, қазан) ҚАКСР Жоғарғы революциялық трибуналының төрағасы болып сайланды. Юстиция халық комиссариатының алқа мүшесі болды. 1922 жылы қазан айында З-Өлкелік Кеңестер сиезінде қызметтен босатылып, РК(б)П обл- бюросы жанындағы Бақылау комиссиясының ұсынуымен Гурьев уезінде саяси жұмыс жүргізу үшін Орал губкомының қарамағына жіберілді. 1923 жылы ауылында болып, 1924 жылдан бастап ҚАКСР Жоғарғы трибуналының төрағасы болып қайта сайланды. Голощекиндік саясат тұсында қызметтен босатылып, қудаланды. 1927-1937 жылдары Алматы зооветеринарлық институтының ректоры, «Қазақжүн» қоғамының төрағасы, Шымкент түйе шаруашылығы зауытының директоры, Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Жұрын малшаруашылығы-тәжірибе стансасының директоры қызметтерін атқарды. 1937 жылы 14 тамызда соңғы қызметте жүргенде тұтқындалып, КСРО Жоғарғы соты Әскери коллегиясы үштігінің қаулысымен 1938 жылы 15 ақпанда Ақтөбе қаласында атылды. Мәйіті Ақтөбе қаласынан 25 шақырым Түйетөбе деген жерде. Екінші зайыбы – татар қызы Бибіғайша. Алғашқы зайыбынан Қазбек есімді ұл қалды.

Әдебиеттер:

  1. Арғыншиев Сахыпкерей // Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.71-73
  2. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.56-68
  3. 1937-2007 Тауқымет пен тағзым. – РИИЦ (Алматы), 2007. – 296 б.
  4. Ипмағамбетов Ә. Жайықтың сол жақ бетінде. – Алматы: Қазақстан, 1972. – 129 б.
  5. Тәж-Мұрат М. Батыс Алаш-Орда: биобиблиографиялық сөздік тәжірибесі. – Ақтөбе: Полиграфия, 2003. – 233 б.

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Сахыпкерей_Жармаұлы_Арғыншиев