Алдабергенов Серқұл (Серіккұл) (1883 – 1935)

Алаш қозғалысының қайраткері Алдабергенов Серқұл 1883 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Төменарық ауылдық округінде дүниеге келген. Жөлекті орыс-бұратана мектебінде білім алған, 1893 жылы Ташкенттегі ер балаларға арналған сегіз жылдық гимназиясына түсіп, «Суды пайдалану және жерді игеру» мамандығын игеріп шыққан. Туған жері Төменарыкка келіп, ел ісіне араласып, арық каздырып, халыққа егін ектіреді. 1904 – 1912 жылдары Перовскіде уезд бастығының орынбасары кызметін атқарып, Сыр бойындағы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз мүмкіндігінше үлес қосады. 1912 жылы Төменарық болысының басқарушысы болып сайланды. Ташкентте М.Шоқай арқылы «Кеңес» үйірмесінің жұмысына қатысып, саяси жұмыстарға тартылды.С.Өтегенов,Қ.Қожыков, С.Ақаев, А.Оразаев, С.Қожанов және т.б. ұлт зиялыларымен араласты. 1917 жылы Орынборда өткен I Жалпықазақ съезіне Сырдария облысының атынан қатысқан. 1917 жылы 8-11 қазанда Түркістанда өткен Сырдария облыс мұсылмандар съезінде Құрылтай жиналысына баратын өкіл ретінде сайланған. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен II жалпықазақ съезіне Сырдария облысынан қатысып, тез арада автономия құруды жақтап, дауыс берген. 1918 жылы 5-9 қаңтарда Ташкентте өткен Сырдария облысы қазақтарының съезіне қатысып, ұлттық мемлекеттіліктің аса маңызды белгісі – территориялық тұтастыққа қол жеткізу идеясын көтерушілер арасында болды.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Перовск уездік атқару комитетіне мүше болып, жер бөлімін басқарды. 30 жылдың басында ұлт зиялыларын террорлық жолмен қуғын-сүргінге ұшыратқан кезде Ташкент ерлер гимназиясында бірге оқыған Перовск уездік милиция бастығы Ж.Есеновтың көмегімен атылаудан аман қалып, ағайын-туыстарымен Қызылқұмға, одан әрі Өзбекстанға көшіп кеткен.

С.Алдабергенов 1935 жылы 25 наурызда ЧЧХК-нің айырықша кеңесінің шешімімен Красноярск өлкесіне 5 жылға жер аударылған. Одан кейінгі тағдыры белгісіз.

Әдебиет:

Алаш. Алашорда: Энциклопедия / Құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова.- Алматы: Арыс баспасы, 2009.- б.49-50