Абайұлы Тұрағұл (1875-1934)

1

Абайұлы  Тұрағұл 1875 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында туған, әдебиет зерттеушісі, аудармашы, қоғам кайраткері, Абайдың кіші баласы. Жас кезінде мұсылманша, орысша сауат ашқан. Әкесі мен ағалары Оспан, Әбдірахман, Мағауия қайтыс болғаннан кейін Құнанбай әулетінің басты адамы ретінде жергілікті билікке араласқан. Ол Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов сынды Алаш қайраткерлерімен тығыз қарым-қатынаста болған. 1909 жылы немере ағасы Кәкітаймен бірге Петербургте алғаш рет әкесі Абайдың шығармалар жинағын кітап етіп шығарды. 1922 жылдан  шығармашылық жолға бет бұрған Тұрағұлдың әдеби мұраларының ішіндегі ең кұнды еңбегі – «Әкем Абай туралы» деп аталатын естелігі. Қазақ әдебиетіндегі  естелік жанрының бастауында тұрған бұл еңбегін ол М.Әуезовтің өтініші бойынша жазған.  Абайдың мінез-құлық ерекшеліктерін, өлең жазардағы көңіл-күйін қызықты суреттеген Тұрағұл ұлы ақын шығармаларына талдау жасайды, оның шығармаларының негізін көркем аудармалар құрайды. Ол Джек Лондонның «Эскимос Киш», А.М. Горькийдің «Челкаш» («Таң» журналының 1925 жылғы сандарында жарық көрген), А.С. Неверовтың «Мәрия – большевик», «Мен өмірге жерікпін» (Неверовтан аудармалары «Ортақшыл Мария» деген атпен 1927 ж. Мәскеуде жеке кітап болып шыққан) атты әңгімелері мен Б.Прустың «Антек» шығармасын, Д. Лондонның «Мартин Иден» романын (қолжазбасы сақталмаған) қазақ тіліне аударған. Тұрағұл Абайұлы «Алладан мен қапа боп, тілеген күн», «Хат», «Әбішке», «Жауап хат», т.б. өлеңдер жазған.

1928 жылы Шымкентке жер аударылған Тұрағұл бірнеше жыл ауыр азап көріп, 1934 жылы дүниеден өткен.

Әдебиеттер:

  1. Абайдың ақын шәкірттері. – Алматы / РГЖИ: Дәуір,1995. – 320 б.
  2. Абайұлы Тұрағұл // Алаш. Алашорда. Энциклопедия / құраст: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы. – 2009. – б.316-317
  3. Ердембеков Б. Абай және Турағұл / Б. Ердембеков // Жалын. – 2012. – №4-10. – Б. 34-38.
  4. Еспенбетов Арап Тұрағұл естелігіндегі Густав Әмір кім? / Арап Еспенбетов // Семей таңы . – 2015. – 18 тамыз. – Б. 6
  5. Кенемолдин М. Тұрағұл Абайұлы және Алашорда үкіметі // Қазақ үні. – 2014. – 21 қаңтар
  6. Құмар А. Тұрағұл Абайұлы хақында / А. Құмар // Абай. – 2011. – №1. –  С. 67-70
  7. Құмар, Асқар. Тұрағұл туралы үш дерек / А. Құмар // Абай. – 2013. – №2-3. – б. 91-94
  8. Мұхамедханов Қ. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.3.- Алматы, 2005. – б.171-175.
  9. Өмірбекова , Нұрсұлу. Абай ұрпақтары / Н. Өмірбекова  // Ана тілі. – 2016. – №1., 7-13 қаңтар. – Б. 7
  10. Райкұл, А. Абай ұрпақтары қалай қуғындалды? [Текст] / А. Райкұл // Ана тілі. ­- ­- 30 мамыр­-5 маусым. ­ Б. 6, 7
  11. Шалқар К. Тұрағұлдан қалған тұяқ еді / К. Шалқар // Абай. – 2015. – №3. – Б. 40-48