Сәрсенұлы Биахмет (1885-1921)

27Сәрсенұлы Биахмет 1885 жылы Семей облысы, Зайсан уезі, Нарын болысында дүниеге келген. (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.) Алаш қозғалысының қайраткері. 1905-1909 жылдары Семей мұғалімдер семинариясында оқиды. Мұны бітірген соң 5 жыл мұғалім, 3 жыл болыстық кеңесте қызметкер болады. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін ол Семей облысында  Қазақ комитетіне мүше болып сайланып, Павлодар уезінде жергілікті комитеттер құруға атсалысады. 1917 жылы Алаш партиясы құрылатын бірінші жалпықазақ сиезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ сиезінін де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алашорда үкіметі – Ұлт кеңесі анықталатын екінші сиез құрамында А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Е.Омаров. Т.Шонанұлыларымен бірігіп Білім комиссиясына кіреді. 1919 жылы Семей облыстық жер басқармасы халық ағарту бөлімінің қазақ бөлімшесіне басшы болып тағайындалады. Осы кезде Семейде жаңадан ашылған мұғалімдер курсында, өзі оқыған мұғалімдер семинариясында әртүрлі пәннен сабақ береді. Қаладағы мәдени ұйымдардың жұмысына атсалысады.

Азамат соғысы жылдары Шығыс Алашорда үкiметi құрамында қызмет етiп, облыстық земство басқармасында халық ағарту бөлiмiнiң қазақ бөлiмшесiн басқарған Биахмет Сәрсенұлы ұлттық мектептердi ашу және оларды қаржыландыру, қазақ балаларын оқуға орналастыру, қажеттi оқулықтармен қамтамасыз ету сияқты толып жатқан жұмыспен айналысты. Әрi Семейдегi мұғалiмдер семинариясы мен Алаш қаласындағы қысқа мерзiмдi педагогикалық курстарда сабақ бердi. Сондай-ақ “Қазақ”, “Сарыарқа” газеттерiне үзбей мақалалар жазып тұрды. Мысалы, Биахмет Сәрсенұлының “Автономия кеңесi”, “Бiрiккен елде – береке”, “Азық-түлiк”, “Россияда осы күнде зор мәселе – азық-түлiк” және т.б. мақалалары ұлт мүддесiмен үндес әрi дер кезiнде жазылуымен құнды болып есептелдi.

Бияш қазақша айтқанда сегiз қырлы, өнерлi жiгiт едi. Алған орысша бiлiмiне қарағанда шын мағынасымен педагог (тәрбиешi) едi… Төңкерiс заманға душар болып, әлеумет iсiне оқығаны аздықтан қазақтың ана жұмысы да, мына жұмысы да Бияшты керек қылды, сүйредi. Оның араласпаған қызметi болмады. Қандай жұмысқа кiрiссе де, тереңiнен бiлiп, тез бiтiретiн Бияш болатын…

Ол әкiмшiлiк iске өте жетiк, тағанды, құнтақты болатын… Ол орны толмайтын дипломат (елшi) едi… Ол ақылды едi… Оның тағы бiр қасиетi: нашарға, мұқтаж шәкiртке, жолдас арасында жүрегi қайырымды, қолы ашық болатын… Ол досшыл, жолдасшыл, еркөңiл едi. Жолдасы үшiн, елi үшiн қатерлi жерде жалғыз қалуға жарайтын, жанын қиюға шыдайтын ер едi. Еш нәрседен тауы шағылып, тез қайтпайтын, қажымайтын қуатты, пысық едi. Бияш қысқаша айтқанда алмас қылыштай, қырағы қаршығадай жiгiт едi.

Оқу комиссариатының қандай iсi болсын бiр өзi басқарып бара жатыр едi. Хакiмшiлiк жұмыстан арқасы босағандай Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) Бияшқа сенiп отырушы едi.

1920 жылы Орынборда Қазақ автономиялық республикасы жарияланғанда, оны жаңа астанаға қызметке шақырды. Алғаш Соғыс комиссариатының саяси білім бөлімін басқарды. Сонан кейін Халық ағарту комиссары А.Байтұрсынұлының шақыруымен білім саласына ауысып, комиссариат алқасының мүшесі, әлеуметтік тәрбие бөлімінің басшысы, мектеп істері бөлімінің меңгерушісі жауапты қызметтерін атқарды. Осы уақытта Орынбордағы мұғалімдер курсында, Қазақ халыққа білім беру институтында (КИНО) ұстаздық етеді. Мұрағат деректерінде қайраткерге физика, математика пәндерінен мектеп оқулығын жазуға ұсыныс жасалғаны көрсетілген. Ғалым-ұйымдастырушы ретінде ол Қазақ ғылым комиссиясының, Академиялық орталықтың негізін қалауға атсалысты. Сол кездегі мерзімді басылымдардан қайраткердің отандық мектеп жүйесін қалыптастыруға аянбай күш-жігер жұмсағанын, өлкеде алғашқы әскери және кәсіптік оқу орындарын ашуға бастамашы болғанын оқимыз. Қазақта кеңестік-пролетарлық асыра сілтеу саясаты салдарынан 1931-1932 жылдарғы қырғынға дейін 1921 жылы алапат ашаршылық болғаны мәлім. Осы кезде елді түрлі індеттер жусатып кетті. Қайраткер 1921 жылы 36 жасында халыққа тиген оба ауруынан қайтыс болды. Оның қазасына Алаш қайраткерлері «бір жұлдызымыз сөнді» деп қатты қайғырды.

«Қазақ» газетінде 1921 жылы 22 тамыздаБ. Сәрсенұлының қайтыс болуына орай Ж.Аймауытов пен М.Тұрғынбаевтың «Бияш» деген мақаласы жарияланған.

Әдебиеттер:

  1. Тілешов Е, Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.354
  2. Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.282-283
  3. Сыдықов Е. Шәкәрім және Алашорда. – Алматы Раритет, 2008. – Б.181
  4. Сәрсенов Б. Түркістан = Туркестан = Turkestan: Фотоальбом / Сәрсенов Б., Шахай Ш. – Алматы: Құс жолы, 2005. – Б.196
  5. Сәрсенов Б. Ұлт қазынасы: Сарғайса да газеттің ақ парағы, өткен күндер тарих боп сақталады // Ертіс өңірі. – 2004. – 2 қыркүйек. – Б.27
  6. Кенемолдин М. Бияш деп елі еркелеткен // Абай. – 2006. – №3. – Б.36