Кенжин Аспандияр (1887-1938)

19Кенжин Аспандияр – (22.12.1887, Гурьев уезі, Рәкөш кенті – 26.02.1938, Алматы) – қоғам қайраткері, «Алаш» партиясының, Батыс Алашорданың белсенді мүшелерінің бірі.

1897 жылы Гурьев уезiнiң Есбол ауылындағы орыс-қазақ мектебiне оқуға түседi де, оны үздiк аяқтаған соң Гурьев қаласындағы 2 классты орыс-қазақ училищесiне емтихан тапсырады. Аспандияр Кенжин Орынбордағы орыс-қазақ мұғалiмдер мектебiнде 1902–1906 жылдар аралығында оқыған мезгілде, аталған оқу орнында кейінгі жылдары мемлекеттiк, қоғамдық қызметтер атқарған М.Есболов. М.Жолдыбаев, Ғ.Жүндiбаев, Б.Жұмабаев, Ғ.Күсепқалиев, Б.Аспандияров, Е.Омаровтар бiлiм алған.

1906 жылы мамырдың аяғында А. Кенжин І Мемлекеттік Думаның атына қазақ әйелінің ауыр халін (көп әйел алушылық, теңсіз неке, қыздардың шалға берілуі, олардың сатылуы, сатып алу және т. б.) баяндаған ашық хат жолдап, қыздар үшін күйеуге шығудың нақты жасын белгілеуді талап етеді. І Мемлекеттік Дума атына қазақ өлкесіндегі «отарлау айшықтарын» көрсететін аграрлық тақырыптағы екінші хатын жолдайды. Бұл екі хаты да Ойыл қаласындағы полицияның қолына түсіп, ол құпия бақылауға алынады. 1911-1917 жылдары Ақпан төңкерісіне дейін А.Кенжин Елек қаласындағы 2 жылдық педагогикалық курста оқытушы болды. 1917 жылы Елек қаласында патша үкіметінің құлағандығы туралы хабар жетісімен патша шенеуніктері мен билік мүшелерінің барлығы қуғындалып, оның орнына атқару комитеттері ұйымдастырылды. А.Кенжин осы комитетке көпшілік дауыспен жауапты хатшы болып сайланады.

1917 жылы наурыз айының ортасында Уақытша үкімет тарапынан Торғай облысы бойынша комиссар болып тағайындалып, Петроградқа шұғыл аттанып кеткен Ә.Бөкейханның орнына Батыс майданға қызмет көрсететін Ресей земство және қала одағының Минск комитетіндегі Бұратаналар бөлiмiне меңгерушілікке ұсынылады. Майданда жүрген жастардың арасында болашақта «Еркін дала» деген атпен ашылатын мәдени-ағарту ұйымының іргесін қалады. 1917 жылы наурызда Ә.Бөкейхан, Ж.Сейдалин, М.Дулатов бастаған қазақ зиялылары қатарында қазақ қоғамының алдағы міндеттерін белгілеген, қазақ сиездеріне қарауға ұсынылған үндеу әзірлеп жариялауға қатысты. 1917 жылы 21-26 шілде аралығында Орынборда өткен І Құрылтай жиналысы дептутаттығына кандидат болуға лайық деп сиез атаған 81 қайраткердің тізіміне енеді және сиез қарарымен Петроградтағы Оқу комиссиясына қазақ атынан өкіл болып сайланады.

Кенжин 1918 жылы ақпанда өткен Орал облыстық сиезін ұйымдастырушы, ақпан-қазан айында Темір уездік земство басқармасының төрағасы, қарашадан бастап Торғай бөлімшесінде Алаш Орда әскери кеңесінің мүшесі, әскерге адам жинау көмиссиясының төрағасы болды. 1919 жылы Торғай қаласына келіп, Амангелді Иманов басқарған Қызыл армия қатарына қосылып, отрядтың шаруашылық бөлімін басқарады. Кейін Кеңес үкіметінде жауапты қызметтер істейді. Алайда, 1919 жылы сәуірде майдандағы жағдайдың күрт өзгеріп, ақтардың бел ала бастауына байланысты Торғайдағы Алаш полкі Қазақ автономиясы идеясын жақтаушы, Уақытша Сібір үкіметі Ішкі істер министрінің орынбасары, П.Коропачанский басқарған комиссиямен арада үзіліп қалған келіссөзді жалғастырады, осы жылы шілдеде қайраткер Омбыға келіп заңнамалық мәселелермен шұғылданып жүрген Ә.Бөкейханмен кездесіп, А.В.Колчак атына Торғай оқиғаларын, А.Иманов қазасының жай-жапсарын сипаттаған және төрт Алаш полкінің басын қосып дивизия жасақтауды, оны қару-жарақпен, әскери киім-кешекпен жабдықтауды сұраған мәлімдеме тапсырады.

1919-1928 жылдар аралығында Қызыл Қоға Әскери бөліміне мүше, Қызыл Қоға уездік революциялық комитетінің төрағасы, өлкелік халыққа білім беру бөлімінде, Халық ағарту комиссариятында, Жұмысшы шаруа инспекциясында, Сыртқы сауда халық комиссары т.б. жауапты қызметтерін атқарды. Осы кезеңде Кенжин Алаш қозғалысының тарихын байыптаған құнды еңбектерін де жазып жариялады. «К историчексой оценке деятельности «Алашорды», «Алаш партиясы туралы мағлұмат» т.б. мақалаларында алашорда қызметіне объективті баға беріп, Алаш қозғалысын танып-білуде нақты тарихи көзқарастары туралы нақты ойларын айтады.

А.Кенжинді 1958 жылы ақтау үшін Түркіменстан, Мәскеу, Орынбор, Алматы қалаларындағы мұрағаттардан құжаттар жинастырылды. Көрсетілген деректердің нәтижесінде 1959 жылы 12 ақпанда Мәскеудегі Бас әскери прокуратурасы шағым бойынша істі қысқарту туралы қаулы қабылдайды. Қаулыда: «1.Кенжин Асфендияр Кенжеұлының қызының оны ақтау туралы сұраған шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын, шағым бойынша бақылау өндірісі тоқтатылсын. 2.№ П – 413863 мұрағаттық тергеу ісі мұрағатқа сақтауға жіберілсін» делінген. 1990 жылы 30 қаңтарда КСРО Жоғары соты Пленумының № 114-90 қаулысымен Жоғары Соттың әскери Алқасының көшпелi сессиясының 1938 жылы 26 ақпандағы А. Кенжиндi ату жазасына кесу туралы үкiмi жойылып, қылмыстық құрамының болмауына байланысты iс қысқартылады. А. Кенжиннен қалған ұрпақтан Юлия Аспандиярқызы Мәскеу қаласында тұрады.

Әдебиеттер:
1. Кенжин Аспандияр // Алаш. Алашорда: энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.195-199
2. Кенжин Аспандияр // Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.230-234
4. Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – Б. 314-316
5. Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы. – Алматы: «Алматы» баспа үйі, 2008. – Б.159-160