Досмұхамедов Жанша (Жаһанша) (1885-ө.ж.б.)

10Досмұхамедов Жанша – қазақ халқының көрнекті мемлекет қайраткері, жоғары білімді алғашқы заңгерлердің бірі, саясаткер. Ж.Досмұхамедов 1885 жылы Сырым ауданы, Бұлдырты ауылы, Тамды өзені бойында дүниеге келген. Әкесі Досмұхамед Жайық өңіріне аты мәлім дәулетті, көзі ашық, көшелі кісі болған. Ж.Досмұхамедов бала кезінде ауыл молдасынан хат танып, жалдама жәдид мұғалімінен, кейін болыстық орыс-казақ мектебінен білім алды. 1896 ж. Орал каласындағы реальдық әскер училищесінің дайындық класына қабылданды, әскери дайындықпен қатар дүниәуи пәндерден сабақ берген Ескоев, Михайлов, Звябин, Глизенгер тәрізді мұғалімдерден тиянақты білім алып, үздік оқыды – кластан класқа емтихансыз көшіріліп, мақтау қағаздарына ие болды, есімі училищенің Құрмет тақтасына жазылды. Ж. Досмұхамедов училищедегі әуесқой драма үйірмесінің жұмысына, «Ревизор» тәрізді пьесаларды сахналауға қатысты, әдеби шығармаларды мәнерлеп оқуымен көзге түсті. Осы оқу орнында Ж.Досмұхамедов Халел Досмұхамедов Жалмұхамед Сүйінтұрұлы, Нұрғали Ипмағамбетов, Нұрғали Досбайүлы, Ғұбайдолла Бердиев, Шабһазкерей Күсепқалиев сияқты болашақ қоғам қайраткерлерімен жақындасып, осы топ әсерімен алғашқы саяси-қоғамдық көзқарастарын қалыптастыра бастады. 1904 ж. училищені үздік бітіріп, 1906 ж. белгілі қоғам қайраткері, заңгер Бақытжан Қаратаевтың ақылымен Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түсті. Осы оқу орнында орыс және Батыс ғалым-заңгерлерінің озық ойлы бөлігінің еңбектері ықпалымен заңдық-құқықтық қоғам жетістіктеріне көз жеткізіп, қазақ тәрізді дамудың төменгі сатысында қалған ел үшін ескі кереге биліктен азаматтық-заңдық билік түріне көшудің аса қажет екендігін ұғынды. С.А.Андреевский, Н.П.Карабчевский, А.Ф.Кони, Ф.Н.Плевако, В.Д.Спасович сияқты Ресейдің атақты сот шешендерінің өмірі мен қызметін зерттеп, болашақ қызметіне керек шешендік өнердің қыр-сырын меңгерді.

1911 ж. СПб университетін үздік бітірген Ж.Досмұхамедұлы Оралға келіп заңгерлік қызметке орналасты, бірақ білімді қазак жасының жергілікті «Уральский листок» газетінде жер мәселесіне байланысты жарияланған батыл пікірлі мақалаларынан сескенген Орал генерал-губернаторы Орал губерниясында тұруға тыйым салып, Том қаласына қызметке жіберді. Ж. Досмұхамедұлы 1911-1917 ж. аралығында әуелі адвокат, кейін Том округтік сотының Каинск уезі бойынша прокуроры болып қызмет атқарды. Осы өңірдегі және қазақ даласындағы сот процестеріне қатысып, прокурор және адвокат ретінде күрделі істердің үдесінен шыға білді. Ж.Досмұхамедов есімі Жайық бойындағы белгілі би Шойтас Бәдікұлының ісіне қатысуымен де елге мәлім бола түсті. 1916 жылдың дүрбелеңі тұсында елдің самодержавие өкілдерінің зорлық-зомбылығына наразылық білдіріп, бассыздықты заң жолымен тыюға әрекет етті. Сол жылдың аяқ шенінде Б.Қаратаев, Ж.Сейдалинмен бірге Петроградқа арнайы сапар шегіп, ІҮ Мемлекеттік Дума алдына қазак жігіттерін тыл жұмысына алуды шегере тұруды мәселе етіп қойды. Өмірінің Том кезеңінде отставкадағы генерал Черняев (Шымкент) маңында земство бастығы болған Константин Колоссовскийдің қызы Ольгамен (Янга) танысып, оны өзіне өмірлік жар етті. 1917 ж. Ақпан революциясынан кейін Каинс уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Сол жылы наурыз айында демалыс алып, Оралдағы Уакытша Қазақ комитетінің арнайы шақыруымен елге келді, комитеттің I Қазақ Орал облыстық сиезін жинау жөніндегі жұмысына қатысты. 1917 ж. 19-22 сәуір аралығында өткен аталмыш сиезге қатысушы 800 делегат тарапынан бір ауыздан сиезд төрағасы болып сайланды. Ж.Досмұхамедов ұсынған бағдарламамен жүрген сиезд Жайық қазақтары үшін өмірлік маңызы бар бірқатар қарар қабылдады, соның ішінде тұрақты Жайық сырты облыстық қазақ комитеті сайланды, жаңадан жергілікті баскару құрылымы белгіленді. Сиезд Ж.Досмұхамедовты Мәскеуде өтетін I Бүкілресейлік мұсылман сиезіне делегат етіп сайлады. Бұл тұстағы саяси платформасы – Уақытша үкіметті қолдай отырып, Ресей құрамында қазақ елін автономиялы ел ету және осы мұрат жолында елдің ықпалды, белгілі адамдарының қолдауына сүйену болды. I облыстық сиезд тұсында осы ойдағы Ж.Досмұхамедовқа бұрынғы Дума депутаты Алпысбай Қалменовтің және Ғаббас Жетпісов, Хайырша хазірет Ахметжанов сияқты ел ағаларының ықпалы күшті болды. 1917 ж. Мәскеуде, көпес Асадуллаев үйінде өткен I Бүкілресейлік мұсылман сиезінде Ж.Досмұхамедов ерекше белсенділігімен танылды. Сиезд оны Ресей мұсылмандарының кеңесі – Бүкілресейлік «Шуро-и-ислам» комитеті төрағасының орынбасары етіп бірауыздан сайлады. Осы сапар сондай-ақ Уақытша үкіметтің Құрылтай жиналысы жөніндегі заң жобасын әзірлейтін Айрықша Кеңесіне (Предпарламент) мүше болып енді. 1917 ж. жазда және желтоқсанда өткен I және II Жалпықазақ сиездерінде Орал қазақтары атынан делегат болып қатысып, соңғы сиезде Алаш-Орда үкіметіне (Уақытша ұлт кеңесіне) мүше, «Шуро-и-исламға» II Жалпықазақ сиезі атынан өкіл болып сайланды.
Халық Комиссарлары Кеңесінің жэне Ұлт істері халық комиссариатының басшыларымен (В.И.Ленинмен және И.В.Сталинмен) ұлттық автономия жариялау жөнінде келіссөз тұйыққа тірелгеннен кейін де Ж.Досмұхамедов бастаған делегация Совнаркомда Алаш-Орда өкілдерінен тұратын Қазақ комиссариатын құру жұмыстармен айналысты, оған қоса Орал земство басқармасы мен Кеңес өкіметінің саяси-шаруашылық бағытында келісімге келу жолдарын іздестірді. Совнаркомның Кіші коллегиясында бірқатар уақыт жұмыс істегеннен кейін, сәуір айының орта шеніне таман әлгіндей екі жақты келісім-шартқа қол қойылды.

Оралға келісімен Ж.Досмұхамедов Орал Әскер үкіметі тарапынан тұтқындалды. Алайда, Ж.Досмұхамедов бұл жолы да саяси ілкімділік танытып, әлгі тығырықтан да сытылып шықты. Нәтижесінде 1918 ж. сәуірдің аяқ шенінде Қазақ Әскер үкіметі мен Орал Қазақ земство басқармасы арасын әскери-саяси одақ жөнінде келісімшарт жасалды. Оқиғалардың даму барысын, қалыптасқан нақты ахуалды, күштердің арасалмағын дұрыс сараптап, салмақтай білу Ж.Досмұхамедовты болашақ ұлттық мемлекеттік құрылымды текетірескен екі жақтан да мойны қашық Жайық сыртына, қазақ ауылдары арасына көшіру жөнінде ойға әкеп тіреді. Таңдау Досмұхамедов туып-өскен өңірдің кіндігі, ең бастысы – барыс-келіс, алыс-беріске ұрымтал Жымпиты қалашығына түсті. Бұл таңдаудың дұрыс болғанын өмір көрсетті. Бір жыл ішінде адал да тура мінезімен, шешендігімен, алғыр саясаткерлігімен ел құрметіне бөленіп үлгерген Ж.Досмұхамедов 1918 ж. мамырда Жымпитыда өткен ІҮ Қазақ Орал облыстық сиезінде төрағалық етіп, осы сиезде Орал губерниясының Жайық сырты бөлігін біріктірген дербес әкімшілік бірлік – «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің төрағасы болып сайланды. Алаш жолындағы бүкіл қызметі алғаш рет заңды түрде осылайша рәсімделген Ж.Досмұхамедов сыртқы күштермен ымыраға келу, ішкі күштермен ұлттық бірлікті сақтау саясатын шебер жүргізе отырып, түптеп келгенде, II Жалпықазақ сиезінің ұлттық-аумақтық автономия кұру жөніндегі шешімін аз уақытта жүзеге асыра білді.

Ақыры 1918 ж. қыркүйектің аяқ шенінде Комуч Алаш-Орданың құрылуы жөнінде Декларация қабылдауға мәжбүр болды. Кеңірек алғанда, Досмұхамедовтың Комучпен арадағы одақтық байланысты қолдауына Комучтың демократиялық федеративтік республика идеясын ұстануы және Досмұхамедов сияқты өздері үлкен үміт артқан Құрылтай жиналысының большевиктер тарапынан күшпен таратылуына деген наразылығы негіз болды. Осы оймен Ж.Досмұхамедов 1918 ж. 8-23 қыркүйекте өткен Уфа кеңесіне белсене қатысып, Директорияның Старейшиналары құрамында жұмыс істеді. Кеңес күндері Ж.Досмұхамедов бастаған Уәлаят делегациясы орталық Алаш-Орда үкіметінің төтенше мәжілісін өткіздіріп, Ойыл уәлаяты үкіметін таратып, оның орнына бүгінде «Батыс Алаш-Орда» деген композит атау алған ірі әкімшілік бірлік – Алаш-Орданың автономиясының батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімшесін кұру жөнінде шешім шығартуға қол жеткізді. Мұнымен Батыс Алаш-Орда орталық Алаш-Орда үкіметі тарапынан заңды түрде мойындалды және оның әкімшілік басқару билігі Бөкей, Ырғыз, Маңғыстау жеріне тарады.

1920 ж. қыркүйектің аяқ шенінде аталмыш мекеменің жолдамасымен Түркістан Республикасы Халық шаруашылығы Ортақ кеңесінің жүн-жұрқа бөлімшесіне меңгеруші болып Ташкент қаласына жіберілді. Түркістан Республикасы Орталық атқару комитеті Қазақ бөлімінің хатшысы міндетін қоса атқарды. 1921-22 жылдары әйгілі мешін-тауық жұты кезінде Қазақстанның аштыққа ұшыраған батыс және солтүстік аймағы халқына азық-түлік жинап жөнелту үшін Түркаткомы тапсырмасымен Қарақол (Прже- вальск) қаласына барды. Кейінірек, 1922-24 жылдары Ташкенттегі қазақ зиялылары Білім комиссиясы жанынан құрылған «Талап» мәдени-ағарту қауымының тапсыруымен «Жауыздық низамы» деген атпен қазақ тіліндегі алғашқы кеңестік Қылмыстық кодексті әзірледі. Осы кезеңде Ж.Досмұхамедовтың зайыбы Ольганың әпкесі Надежда Константиновна Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шықты. Ж. Досмұхамедов 1927 ж. қарашадан 1929 ж. дейін Қызылорда қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылық банкінде заң кеңесшісі болып істеді, 1928 ж. Қорғаушылар коллегиясына мүше болып қабылданды. Астана көшкен кезде Алматыға келіп, 1930 ж. басына дейін осында болды, сол жылы ақпанда Надежда Константиновна Колоссовскаяның шақыруымен Мәскеуге ауысты. 1930 ж. қазан айында “Скотовод” басқармасында аға экономист болып істеп жүрген кезінде Замоскворечье ауданындағы Шаболовка келте көшесіндегі үйінде тұтқындалып, Бутырка түрмесіне қамалды, кейінірек Алматыда жауапталды. 1932 ж. 20 сәуірде Қазақстан ОГПУ Үштігінің “1921 ж. Ташкентте М.Тынышпаевпен бірге астыртын ұйым құрды және 30-жылдары Кеңес өкіметіне қарсы қимыл жасады” деп айып таққан қаулысымен Воронеж қаласына бес жыл мерзімге жер аударылды. Воронежде жоғары оқу орындарында сабақ берді. Ж.Досмұхамедовтің бұдан кейінгі тағдыры жөнінде бір-біріне қайшы келетін ауызекі бірнеше дерек бар. Бір мәліметтерге қарағанда, жаза мерзімін өтеп келген соң 1938 ж. қыста Мәскеудегі пәтерінен қазақстандық екі қауіпсіздік қызметкері шұғыл алып кеткен. Енді бір деректер бойынша, бет-әлпетін өзгертіп Қарақалпақстанда бой тасалап жүріп, Мәскеуге келген жерде ұсталды. Үшінші бір дерек үйде сал болып жатқан күйінде Мәскеу түрмесіне салынғанын көрсетеді. Ж.Досмұхамедов 1958 ж. 28 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. Оның ағасы Ғаббас Досмұхамедов (1868-1930) те саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. Жымпиты ауданында бір көшеге және Орал педагогикалық колледжіне Ж.Досмұхамедов аты берілген.

Әдебиеттер:

1. Жанша Досмұхамедов // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.146-153
2. Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы. – Алматы: Алматы баспа үйі, 2008. – Б.137-138
3. Жұртбай, Т. “Ұраным – Алаш” // Жұлдыз. – 2012. – №1. – Б.136-146.
4. Қойшыбаев Б. Жаһанша // Егемен Қазақстан. – 2012. – 12 қыркүйек
5. Құрманалина Ш. Алаш құндылықтары негізінде ұлттық сананы қалыптастыру: мемлекетшілдік сана стратегиясы // Ақиқат. – 2011. – № 6. – Б.12-14
6. Құрманалина, Ш. Жаһанша // Ақиқат. ¬ – 2009. ¬- № 2. ¬ – Б.49-¬53
7. Мұсатаев С. Жаһанша Досмұхамедовтың қоғамдық қызметі мен саяси идеялары / С. Мұсатаев, А. Балкеев // ҚазҰУ Хабаршысы. Философия сериясы. Мәдениеттану сериясы. Саясаттану сериясы = Вестник КазНУ. Серия Философия. Серия Культурология. Серия Политология. – 2014. – № 4. – Б.162-169

https://ru.wikipedia.org/wik

http://alash.semeylib.kz/

https://sites.google.com/

https://stud.kz/