Алаш қозғалысы

Алаш қозғалысы – XX ғасырдың басындағы қазақ жерінің барлық өңірін қамтыған ұлт-азаттық қозғалыс. 1905 жылы қазақ оқығандары ұйымдасқан түрде саяси шараларды қолға ала бастайды. 1905 жылы 26 маусымдағы «Қарқаралы кұзырхаты» деп аталған Қоянды жәрмеңкесінде Ресей патша үкіметінің министрлер кабинетіне сөз бостандығы мен ана тілінде оқу, діни еркіндік т.б. мәселелерді көтерген 12.767 қазақ азаматы қол қойған құжат осы қозғалыстың бастауы болып табылады. Осы оқиғадан кейін Қазақстанның көптеген өңірлерінен патшалық билікке құзырхаттар жолдана бастайды. Осы жылы қарашада Мәскеуде қазақ халқының жағдайы жөнінде Ә.Бөкейхан, автономшылар сиезінде М.Тынышбаев сөз сөйлейді. Аталған жылы Орал қаласында қазақ облыстары өкілдерінің сиезі ұйымдастырылып, «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құру жөнінде шешім жасалып, партияның бағдарламасы қабылданады. Зиялылардың осындай саяси әрекеттері Алаш қозғалысын 1905 жылы бастауға мүмкіндік береді. Ұлт зиялыларының бірінші, екінші мемлекеттік Думаға депутат болып сайлануы оларды бір-бірімен таныстыра, жақындастыра түсті. Думаға сайланған Ә.Бөкейхан, А.Бірімжанов, А.Қалменов, Ш.Қосшығұлов, М.Тынышбаевтар Ресейдің заң шығарушы ең жоғары органына қазақтың мәселесін көтеріп, оны саяси биліктегілерге жеткізуге күштерін салды. Думадағы қазақ депутаттары ел ішіндегі беделді, белсенді азаматтармен тығыз байланыста жүріп, олар қалың бұқараның қолдауы мен сеніміне ие болды. Яғни, ел ішіне олар көтерген теңдік пен азаттық идеялары жылдан-жылға кең тарай бастады. Қазақтан мемлекеттік Думаға депутат сайлануы олардың Мұсылман фракциясына енуіне мүмкіндік берді. Сөйтіп, қазақтың елшіл азаматтарының Ресей империясына отар болған мұсылман халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдерімен бірігіп жұмыс істеуіне де қолайлы жағдай туғызды. Мұндай парламенттік фракция құрамына Б.Қаратаев, Ы.Жаманшалов, С.Лапин, А.Жантөрин, Е.Оразаев, А.Өтегенов сияқты зиялылардың енуі ұлттық мүдденің көтерілуіне маңызды ықпал жасады. Жалпы Алаш қозғалысында діни-рухани мәселе басты мәселелердің біріне айналды. Қозғалыстың тарихында хазіреттердің, ишандардың, молдалардың рөлі жоғары болды. Қозғалыстың келесі кезеңінде зиялылардың халық өмірін танып, оны жігерлендіру, ояту қарекеттері байқалады. Айталық, «Оян, қазақ!», «Қырық мысал», «Маса», «Бала тұлпар» жинақтары, «Айқап» журналы, «Қазақстан» газеті қозғалыс ұрандарын қалың бұқараға таратқан мәдени-рухани құбылыстар болды. Осы кезеңде ұлт мүддесін бірлесіп шешу үшін жалпықазақ сиезін ашу мәселесі туындады. Оны алғаш көтерген Ж.Сейдалин болатын. Оның 1911 жылдан бастап «Айқап» журналында сиез ашу мәселесіне арналған мақалалары қазақ зиялыларының ортасында үлкен пікір тудырды. Ж.Сейдалиннің сиез ашу жөніндегі осы мақалаларына Б.Қаратаев, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Б.Сыртанов, М.Тынышбаев, Е.Қасаболатов тағы басқалар алдымен сол «Айқап» журналының өзінде, кейінірек «Қазақ» газетінде пікірлерін білдірді. «Қазақ» газетінің жарық көруі, оның ұлтшылдық бағыты – халықты оятудан тұтастыруға бейімдеді. «Қазақ» ұлттың қазір қандай жағдайда екендігін, қай жолмен жүрсе, қалай болмағын нұсқап, зиялылардың ең көкейтесті ойларын жариялады. Ең бастысы – газет қазақ жерінің барлық өңірін қамти отырып ұлтты оятты, қазақ баласының пікірін, ойын, мақсатын тұтастырды. Яғни, ұлт-азаттық қозғалысы пікір жүзінде де, іс барысында да ортақ мүдде әрекетімен өрістей түсті, дамыды. Осы жылдарда зиялылардың өзара ұйымдасуы, қауымдасуы күшейе түсті. Қозғалыстың өрістеу эволюциясының бағыты мен қарқыны, азаттық қайраткерлерінің мүмкіндіктері мен дайындықтары 1917 жылы Ақпан төңкерісінен соң бедерлене байқалды. Атап айтқанда, сәуірдің алғашқы күндерінен бастап облыстық қазақ сиездері өткізіле бастады. Орынборда, Алматыда, Оралда, Омбыда, Семейде өткізілген Торғай, Жетісу, Орал, Ақмола, Семей облыстық сиездері, Ташкентте өткізілген Түркістан Мұсылмандарының Бірінші құрылтайы Алаш баласының азаттыққа шындап бағыт алғандығын байқатты. 1917 жылдың 2 сәуірінде Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының төрағалығымен басталған Торғай облыстық қазақ сиезі Алаш қозғалысының «Алаш» партиясына, Алашорда үкіметіне ұласар кезеңінің ең алғашқы айтулы оқиғасы болды. Сиездің ұйымдастырылуы мен өткізілуінің басында Ахаңмен бірге Алпысбай Қалменов, Уәлитхан Танашев, Сейдәзім Қадырбаев, Омар Алмасов, Шафқат Бекмұхамедов сияқты ұлт зиялылары тұрды. Бұл сиез «Қазақ» газетінде «қазақтың тұңғыш сиезі» ретінде бағаланды. Торғай сиезінен кейінгі Жетісу, Орал, Ақмола, Семей облыстық сиездері Алаш қозғалысының қазақтың барша даласын қамтығандығын байқатты. Жетісу облыстық сиезінде Ы.Жайнақов, Ғ.Ордабаев, А.Құдайбергенов, А.Шегіров, Н.Жақыпбаев, Ғ.Үдербаевтардың, Орал облыстық сиезінде Б.Қаратаев, Е.Әлібеков, Д.Күсепқалиев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедұлы, Е.Жетпіспаевтардың, Ақмола облыстық сиезінде Е.Итбаев, А.Тұрлыбаев, М.Дулатов, М.Саматов, А.Сейітов, М.Жұмабаев, Е.Тоқбайұлылардың, Семей облыстық сиезінде Ж.Ақпаев, Х.Ғаббасов, Р.Мәрсеков, М.Боштаев, Б.Сәрсенбаев, Ә.Ермеков, Ы.Оразалин, М.Малдыбаев, Ш.Ақпановтардың белсенділігі байқалды. Облыстық қазақ сиездері мен қазақ комитеттері қазақ зиялыларын одан сайын ұйыстыра бастады. Осы өңірлік саяси шаралар ел ішінен қайраткерлерді шығарды. Сөйтіп, Алаш мұраты үшін ерен істерге дайын сандаған азаматтар – күрескерлер, қайраткерлер деңгейіне көтерілді. Бұл сиездердің қай-қайсысы да ұлттың қордаланған мәселелерін күн тәртібіне қоя отырып, оны шешудің жолдары мен амалдарын белгіледі. Облыстық сиездерде қауымдасқан зиялылар жалпықазақ сиезін ашудың алғышарттарын жасады. Мұндай сиез көп кешікпей шілде айында Орынбор қаласында өтті. Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Әлмұхамед Көтібаров, Міржақып Дулатов, Асылбек Сейітов және тағы да басқа Алаш қайраткерлерінің басшылығымен һәм ұйымдастыруымен өткен осы Бірінші жалпықазақ сиезінде қазақ қоғамы үшін іргелі 14 мәселе қаралды. Оның ішінде қазақ автономиясы туралы, қазақ саяси партиясы туралы, дін туралы және тағы да басқа ұлт тағдырының зор мәселелері болды. Бұл сиез ең алдымен қазақ зиялыларының бас қосып, түсініп, ортақ мүдде жолында аянбай қызмет істей алатындығын дәлелдеді. Сонау хандық заманның ең дәуірлеген кезеңдерінен бері барша қазақтың игі жақсылары бас қосқан ұлық жиын бола отырып, сиез ұлттық тәуелсіздік мәселесін көтеруімен де тарихи маңызға ие болды. Сиезде «Алаш» партиясының құрылуы да оның зор тарихи мәнін айғақтады. Бірінші жалпықазақ сиезі Алаш қозғалысына үдемелі қарқын дарытты, осы сиезден кейін бүкіл қазақ даласы азаттық пен теңдік рухына бөленді, желтоқсанда өтетін Екінші жалпықазақ сиезіне дейін барлық өңірлерде дерлік «Алаш» партиясының комитеттері ашылды. Алаш автономиясын жариялаған, Алашорда үкіметін сайлаған Екінші жалпықазақ сиезі ұлттық мемлекет қажетті атрибуттарын жасады. Осы тарихи сиезде Алаш автономиясы жарияланды, оны басқаратын Ұлт Кеңесі, яғни Алашорда үкіметі жасақталды. Алашорданың төрағасы болып баламалы негізде Ә.Бөкейхан сайланды. Осы сиезден соң қозғалыс жаңа қарқынға ие болды. Алашорда үкіметінің іс қимылдары қазақ халқының саяси жағынан да, білім-ілім жағынан да, мәдени-әдеби жағынан да өзін-өзін басқара алатын әлеуетті ұлт екендігін байқатты. Ел баскарудың, ғылыми мектеп қалыптастырудың, әскер жасақтаудың, шаруашылық жүргізудің, өнер игерудің үлгілерін көрсетті. Қозғалыс тұсында қазақ зиялыларының бірнеше толқыны қалыптасты. 1920 жылдың 5 наурызында Әскери-революциялық комитет Алашорданы таратуға арнайы шешім қабылдағанға дейін Алаш қозғалысы ұлт-азаттық қозғалыс ретінде біртұтас, мақсатты саяси, әлеуметтік, мәдени үдеріс болды. Қазақ мемлекетін құру сәтсіздікке ұшырағанымен, Алаш қозғалысының азаттық идеялары, мәдени, ғылыми басқа да дәстүрлері кеңестік жылдардың өзінде қазақ қоғамында өмір сүріп жатты. Осы ұлттық тарихымыздағы ең ірі, ең ұзақ ұлт-азаттық қозғалыс мұраттары тәуелсіздік жылдарында қайтадан жаңғырды.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Алаш қозғалысы идеясының кеңістігіндегі ықпалы: халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары” = Материалы научно-практической конференции “Влияние идей движения Алаш в Евразийском пространстве: история и современность”. – Семей, 2008. – 366 б.
2. “Алаш” қозғалысы: тарих және қазіргі заман: Библиографиялық көрсеткіш. – Алматы, 2005. – 138 б.
3. Ақанов Ә. Алашорда қайраткерлерінің ұлттық руханиятқа тигізген әсері // Ақиқат. – 2013. – №11. – 108-110 б.
4. Алаш Е. Қазақтың тұңғыш экономист-ойшылы // Ертіс өңірі. – 2016. – 30 қараша. – Б.10
5. Алаш қозғалысы: Құжаттар мен материалдар жинағы. Т.3. Кн.2: Қаңтар 1929 – шілде 1938 жж. = Движение Алаш: сборник документов и материалов. – Алматы: “Ел-шежіре”, 2007. – 344 б.
6. Алаштану мәселелері. Сериялық ғылыми жинақ. Т.1. – Семей: Таным, 2010. – 420 б.
7. Бұтабаев С. Алаш қозғалысы // Қазақ тарихы. – 2012. – №6. – Б.38
8. Дәрімбет Б. Мағжан және Алаш қозғалысы: М.Жұмабаев және Алаш партиясы жайында // Қазақ тарихы. – 1999. – №6. – Б.56-60
9. Ескендіров М. Алаш қаласы және ондағы тарихи орындар // Алаштану. – 2008. – №1. – Б.56-60
10. Жексеғұлқызы Г. Алаш қозғалысы туралы аңыз бен ақиқат // Қазақстан әйелдері. – 1997. – №8. – Б.8-9
11. Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы және ислам құндылықтары // Абай. – 2012. – №1-4. – Б.29-33
12. Қойшыбаев Б. Алаш қозғалысы және оның тарихи тағылымы // Егемен Қазақстан. – 2008. – 10 маусым. – Б.4
13. Мажитов С.Ф. Алаш қозғалысы: үміт және ұлттық мүдде // Отан тарихы = Отечественная история . – 2008. – № 4. – Б.5-16
14. Нұрпейісов К. Қазақ қоғамы және Алаш қозғалысы // Саясат. – 1998. – №1. – Б. 79-94
15. Омарбеков Т. Алаш қозғалысының жаңа тарихы: белгілі қазақ тарихшысы Кеңес Нүрпейісовтің “Алаш hәм Алашорда” атты еңбегін оқығанда туған ойлар // Егемен Қазақстан. – 1995. – 30 тамыз.
16. Омарбеков Т. Алаш қозғалысы:аңыз және ақиқат: белгілі қазақ тарихшысы М.Қойгелдиевтің “Алаш қозғалысы”атты еңбегін оқығанда туған ойлар // Егемен Қазақстан. – 1995. – 10 маусым.
17. Осипова Ж.Қ. Алаш қозғалысының көкшелік арыстары // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы = Вестн. КазНУ. Сер. историческая . – 2009. – № 4. – Б.113-117
18. Рахметуллин Е. Шығыс Түркістан һәм “Алаш қозғалысы” идеясы // Семей таңы. – 2011. – 19 шілде. – Б.3
19. Рүстемов С. Алаш қозғалысы мен башқұрт саяси элитасы өкілдері арасындағы өзара байланыс тарихынан: Алашорда үкіметіне 90 жыл // Отан тарихы. – 2007. – № 4. – Б.41-48
20. Сайлаубай Е.Е. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің земство мекемелерін құрудағы қызметі (1917-1918 жж.) : Алашорда үкіметіне 90 жыл // Отан тарихы. – 2007. – № 4. – Б.18-30
21. Сәулебекова С. Ұлт-азаттық көтеріліс басшылары және Алаш қозғалысының жетекшілері: мұғалімге көмек // Қазақстан тарихы: әдістемелік журнал. – 2012. – № 3 (113). – Б.82-86
22. Сіләмов А. Алашорданың Семей бөлімінен деректер: Алаш қозғалысына 90 жыл // Семей таңы. – 2007. – 14 маусым. – Б.3
23. Сүлейменова Д. Алаш қозғалысы және Жаһанша Досмұхамедов. – Орал: Ағартушы, 2010. – 236 б.
24. Теміров Б. Алаш қозғалысынң қайраткері // Абай. – 2016. – №3. – Б.34-42
25. Тілешов Е. Алаш қозғалысына қатысқандар: күрескерлерге тағзым, аяулы есімдерге құрмет // Ақиқат. – 2013. – №11. – Б.104-107
26. Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы. Энциклопедиядық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.38-41
27. Хантемірұлы М.А. “Алаш” қозғалысының көшбасшысы: Әлихан Бөкейханның саяси көзқарастарының эволюциясы хақында // Ертіс өңірі. – 2016. – 23 қараша. – Б.10-11
28. Шағимолдин Е.О. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің қазақтарды әскер қатарына алу мәселесіне байланысты көзқарастары мен қызметі // Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті хабаршысы. Тарих сериясы. = Вестник КазНУ им. Аль-Фараби. Серия историческая. – 2014. – №1. – Б.58-63