Жоба туралы

2017 жылы «Алаш» автономиясының негізі қаланғанына және Алашорда ұлттық үкіметінің құрылғанына 100 жыл. Осынау мемлекеттік және халықаралық маңызы зор мерейтой қарсаңында Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы «Алаш» электрондық кітапханасын құру жобасын қолға алып, біршама көлемді жұмыстар атқаруда.

Электрондық кітапхананың мақсаты – Алаш қайраткерлерінің көзі тірісінде жарық көрген шығармаларын, яғни сирек басылымдар қорынан бастап және олар туралы қазіргі заманғы алаштанушылардың ғылыми еңбектерін жинастырып, мәліметтердің толық мәтінін әлем пайдаланушыларының назарына ұсыну арқылы кітапхананың қолжетімділігін көрсету.

Электрондық кітапхана қорының басым көпшілігін әдебиеттер мен Қазақстан көлемінде шыққан мерзімді басылымдардың көшірмелері құрайды. Кітапхана қорына басылымдарды орналастыру Қазақстан Республикасының авторлық құқық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылды.

Бұл жобаның сәтті орындалуына қол ұшын берген отандық кітапханалар, мұражайлар, мұрағаттар, сондай-ақ, шетелдік мұражайлар мен мұрағаттардың мамандарына алғысымыз шексіз. Біздің бастаманы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, ҚР Ұлттық кітапханасы, еліміздегі облыстық кітапханалар мен мұражайлар, мұрағаттар және Бішкек, Қазан қалаларындағы архивтер қолдады. Барлығы 10 кітапхана, оның ішінде 3 жоғарғы оқу орнының кітапханалары, 17 мұражай, 8 мұрағат серіктес болды.

Жобаны жүзеге асыру шаралары кезең-кезеңімен атқарылды.

Бірінші кезеңде – әрине, ХХ ғасырдың басында Мәскеуден, Орынбордан, Қызылордадан жарық көрген алаш қайраткерлерінің құнды мұралары сақталған көне кітапханамыздың сирек қорында бар мол әдебиеттер қоры, алаш қайраткерлерінің көзі тірісінде жарық көрген Орыс Географиялық қоғамы Семей бөлімшесінің жазбаларында жарияланған мақалалар қоры, сондай-ақ, бүгінгі алаштанушы ғалымдардың зерттеу еңбектері жинақталды. Өз кітапханамыздың қорынан табылған әдебиеттердің тізімін жасап, өзімізде жоқ кітаптардың электронды көшірмесін еліміздегі және алыс-жақын шет елдер кітапханалардың қорларынан берулерін өтініп, серіктес болуға шақырған хаттар жолданды.

Екінші кезеңде – жинақталған кітаптар мен мерзімді басылымдар беттерінде жарық көрген мақалалардың электронды көшірмесі жасалынып, кітапхананың электрондық каталогындағы «Алаш» деректер қорына орналастырылды. «Алаш» тақырыбында зерттеу еңбектері жарық көрген жеке авторлармен авторлық келісім-шарт жасалды.

Үшінші кезеңде электронды кітапхана қорын маңызды да ерекше басылымдармен толықтыру мақсатында еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі мұражайлар мен мұрағаттарға серіктес болып жұмыс жасауды ұсынған және біздің қорда жоқ кітаптар мен түрлі құжаттардың сандық көшірмесін берулерін өтінген хаттар жолданды. Нәтижесінде алынған құнды құжаттардың көшірмесі сұрыпталып, электронды кітапхананың қоры толықты.

Төртінші кезеңде электронды кітапхана интерфейсін жасау, оның құрылымы, түрлі айдарларды ақпаратпен толықтыру шаралары атқарылды. Алаш Орда үкіметінің белсенді қайраткерлері, мүшелері, кандидаттары, оқу комиссариатының мүшелері туралы және олардың есімдерімен аталған нысандар туралы ақпараттар рет-ретімен орналастырылды. Электрондық кітапхананың технологиялық негізі – Абай атындағы кітапхананың электронды каталогында құрылған «Алаш» деректер қоры болып табылады.

Электрондық кітапханада Алаш қайраткерлерінің шығармалары, олар туралы жазылған ғылыми еңбектер және республикалық, облыстық, қалалық мерзімді басылымдар беттерінде жария көрген мақалалар қамтылған.
«Алаш» электронды кітапханасының жобасы осымен аяқталды деуге болмайды. Алаш туралы басылымдардың толық мәтініне деген ашық қолжетімділікті арттыру шаралары тереңірек қарастырылатын болады.
Авторлармен, баспалармен келісім-шартқа отыру, еліміздің және алыс-жақын шетелдердің кітапханалары, мұражайлары мен мұрағаттарынан құнды құжаттар мен басылымдарды іздеу жұмыстары жалғаса береді.