Аманжолов Садық (1885-1941)

20Алаш қозғалысына қатысушы қайраткер Аманжолов Садық Аюкеұлы 1885 жылы Алматы облысы Шелек ауданы Қаратұрық ауылында дүниеге келген. Балалық шағы туған ауылында өтеді. Арманшыл әке Аюке баласынан үлкен үміт күтсе керек, оны жастайынан үлкен істерге дайындап кесек мінез қалыптастыруына себепші болған. Ол  білімге құштар болып өседі. Әкесі оны Верныйдағы (Алматы) ұлдар гимназиясына оқуға береді. Ол мектепті 1902 жылы бітіреді. Бірақ, өзінің алған білімін қанағат тұтпайды. Ол Қазандағы император университетінің заң факультетіне оқуға түседі. 1910 жылы университетті тамамдап, елге оралады. Алғашында өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. С.Аманжолов 1917 жылға дейін Жетісу облысының (Аягөз, Үржар) заң орындарында қызмет атқарады. Кейін Үржар уезінде қазақ комитетінің төрағасы болады.

1917 жылдың  21-26 шілде аралығында Орынборда бірінші жалпықазақ сиезі өткенде, сол сиезге қатысады. Сиезге жиналған қазақ зиялыларының ұйғаруымен Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат болып сайланады. Бүкілресейлік сиезден кейін «Алаш» партиясының жергілікті ұйымдарын құру ісіне араласып, мәнді әрі ауыр міндетті мойнына алады. Жетісу өңірінде Алаш ұйымдарының құрылуы мен оның қызметінің тыңғылықты жүруіне  бір кісідей тер төкті.

Екінші жалпықазақ сиезінде  Ұлт Кеңесіне мүше болып сайланды.  Жетісуда Алашорда жасақтарын құру ісінде ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі. Кейін Шыңжаңның Шәуешек қаласында Алашорда жасақтарын құруға жетекшілік етеді. Алашорда көсемдерінің бәрі де өздері үлгі көрсете алатын, жан-жақты жетілген кемел азаматтар еді.

С.Аманжолов 1923-1930 жылдары Қазақ Автономиялық Социалистік Кеңестік Республикасы заң халық комиссариатында қызмет атқарады.

1930 жылдың зобалаңы басталғанда оның да тағдыры тәлкекке түседі. Аманжолов Садық Қазақстаннан қуғындалады. Басында жан сауғалап Мәскеуге барады. Алайда Ресей астанасы ұзақ мекен бола алмайтынын түсініп, Бішкекке, одан Ташкентке кетеді. Осы өмірінің ішінде қазақ халқы үшін оның ұлттық мемлекеті – Алашорда үкіметі үшін бір кісідей үлес қосып, елеулі еңбек етеді.  1941 жылы бесінші желтоқсанда Ташкент қаласында 56 жасында өмірден өтеді.

Әдебиеттер:

  1. Аманжолов Садық Аюкеұлы // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.53-54
  2. Алаш зиялысының бейіті Ташкентте жатыр // Айқын апта. – 2007.- 8 наурыз. – №43
  3. Әбдешев М. “Алаш Орда” министрлігі/ Министры “Алаш Орды”. – Алматы, 2008. – 114 с.
  4. Қазақтар Т.3: Шежіре. -: Қазақстан даму институты, 1998. – 370 Б.
  5. Құл-Мұхаммед М. “Алаш” бағдарламасы: қиянат пен ақиқат. – Алматы: Атамұра, 2000. – 240 б.
  6. Төлепберген Б. Мәңгі жас – Алаш идеясы: публицистикалық зерттеулер мен мақалалар. – Алматы: Алматы баспа үйі , 2008. – 304 б.
  7. Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар. – 2014. – Б.68-69