Мұстафин Сейіт-Баттал (1892-1937)

36

Мұстафин  Сейіт-Баттал 1892 жылы  Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы Қызылжар қаласында туған. Алаш қозғалысының көрнекті өкілі, ағартушы-ұстаз. Ауылда мұсылманша хат таныған соң, 1908-1913 жылдары Стамбул қаласындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқыған. 1918 жылы 3 қазанда Семей қаласында ашылған педагогикалық курсқа Қ.Сәтбаев, М.Тұрғанбаевтармен бірге мұғалім болып тағайындалып, қазақ тілі, қазақ тарихы және физика пәндерінен дәріс оқыды. Семейде Ж.Аймауытов, М.Әуезовпен бірге «Абай» журналын шығарысып, оның белсенді авторы болды, «Айқап» журналы мен «Алаш» газетінің жұмысына да белсене қатысты. Мұстафин  қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін, әсіресе Төле би, Қали би, Орынбай, Өске, Шортанбай сияқты белгілі би, ақындардың өлең-жырларын, өсиет сөздерін, қолжазбаларын жинастырды. Түріктің «Көксанжақ» романын қазақ тіліне аударған. 1920-1925 жылдары Көкшетау қаласында ағарту бөлімінде, 1925-1930 жылдары Қызылжар қаласындағы педагогикалық  техникумда қызмет атқарды.

1930-1933 жылдары туған жерінде, 1933-1937 жылдары Степняк қаласында мұғалім болды. 1937 жылы 25 сәуірде тұтқынға алынып, «халық жауы» деген айып тағылып, ату жазасына кесілген. 1958 жылы 28 желтоқсанда ақталған.

Әдебиеттер:

Мұстафин  Сейіт-Баттал / Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.251-252

Интернет сілтеме:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Сейіт-Баттал_Мұстафин