Кемеңгеров Қошке (Қошмұхамбет) (1896-1937)

26

Кемеңгеров Қошмұхамбет (Қошке) Дүйсебайұлы (15.7.1896, Ақмола облысы Омбы уезі Беке болысы Қаражас ауылы – 21.11.1937, Омбы қаласы) – Алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы, журналист. Алғаш Белгібай молдадан дәріс алып, мұсылманша сауат ашқан. Одан кейін Омбыда шіркеу мектебінде, ветеринарлық-фельдшерлік мектепте оқиды. 1913 жылы Омбы ауыл шаруашылығы училищесіне оқуға түседі. Осында жүріп 1914 – 1918 жылдары Қазақ жастарының тұңғыш қоғамдық-саяси ұйымы «Бірлікке» мүше болып кіреді. Ал 1916- 1918 жылдары «Балапан» қолжазба журналының редакторы болады. 1917 жылы сәуірде Омбыдағы Акмола облыстық Қазақ атқару комитетінің тапсырмасымен Д.Әділов екеуі Ақмолаға келеді, мұнда С.Сейфуллинмен бірлесіп, Қазақ комитетін, «Жас Қазақ» ұйымын кұруға ат салысады. Осы жылы тамызда Акмола облыстық халық санағын жүргізуге қатысады.

1917 жылы осы облыста Алашорда комитетін ашуға қатысады. Ол 1918 жылы «Бірлік» ұйымы идеялық көзқарас тұрғысынан екіге жарылып, «Жас азамат» ұйымы құрылғанда,  оның мүшесі және ұйымға аттас «Жас азамат» газетінің редакторы болып сайланады. 1920 жылы Петропавлда мұғалімдер курсында сабақ береді. Осы жылы желтоқсанда Сібір ауыл шаруашылығы және өндіріс институты ветеринария факультетінің медицина бөліміне оқуға түседі. Облыстық «Бостандық туы» (Омбы – Қызылжар) газетінде тілші болады. 1924 жылы медицина бөлімінің курсын бітірген, Орта Азия мемлекеттік университетінің (Ташкент) медицина факультетіне ауысады. Ташкентте Қ.Кемеңгеров «Ақ жол» газетінде, «Сана» журналында кызмет істейді. Сонымен бірге, Орта Азия университетінде, Түркістан әскери училищесінде қазақ тілінен сабақ берген. 1930 жылы ОАМУ-дің (САГУ) аспиранты болып жүрген жерінен, М.Әуезовпен бірге, куғын-сүргіннің ұлт кайраткерлеріне бағытталған алғашқы толқынында тұтқындалады. Екі жыл Алматы абақтысында отырады. 1932 жылы НКВД-ның арнайы саяси тұтқындарды ұстайтын жері – Украинаның Валуйкиіне жер аударылады. Бұдан Қ.Кемеңгеров 1935 жылы босап, Омбының Шарбақкөл ауданының ауруханасында дәрігер болып қызмет істейді. 1937 жылы 7 тамызда қайта ұсталып, 21 қарашада Омбы қаласында атылды. Қошмұхамбет Кемеңгеровтің есімі 1957 жылы ақталған.

Қ.Кемеңгеров шығармашылығы «Айқап» журналында 1915 жылы жарияланған «Жазғытұры», «Бақ іздеген», «Солған гүл» өлеңдері мен «Пайғамбар» (А.Пушкиннен), «Сәскелік көлдің жағасында» (Никитиннен) секілді аудармаларынан басталады. Прозадағы алғашқы туындыларының бірі – «Тұтқынның ойы» әңгімесі (1919 ж. «Жас азамат»). Осы және «Отаршылдың ұсқындары» (1925), «Қанды толқын» (1926) әңгімелерінде қазақ қауымының күрделі әлеуметтік жай-күйі шебер суреттеледі. «Момынтай» (1925), «Ерлік жүректе» (1924), «Қазақ әйелдері» (1924), «Жетім қыз» (1924), «Дүрия» (1927), «Назиқа» (1928) әңгімелерінде үлкен өзгерістерді бастан кешіп жатқан қоғамдағы қазақ қыздарының бейнесін жасайды. Прозадағы ірі еңбегі – замандас қайраткерлер туралы 1925-1937 жылдары жазылған романы. Романның қолжазбасын 1937 жылы НКВД тәркілеген.

Қ.Кемеңгеров драма саласында жемісті еңбек етті. «Әулие тәуіп» (1918), «Қаскырлар мен қойлар» (1920), «Бостандық жемісі» (1919), «Күнәсіз күйгендер» (1930) атты пьесалары кезінде әуесқойлық театр сахналарында қойылған. Көпке белгілі пьесалары: «Алтын сақина» (1923), «Парашылдар» (1926), «Ескі оқу» (1927). «Алтын сақина» 1926 жылы 13 қаңтарда Қазақ драма театрында (директор, бас режиссері Д.Әділов) ресми түрде ашылды.  Қайраткер  тарих, әдебиеттану, тілтану, этнография, көркем аударма, т.б. мәселелер бойынша қалам тербеді. 1926 жылы «Көркем әдебиет туралы» мақаласы шықты.

1924 жылы Мәскеуде басылған «Қазақ тарихынан» еңбегінде бодандық тұсындағы тарих баяндалады. «Бұрынғы езілген ұлттар» (Мәскеу, 1925) атты зерттеуінде Ресей отарында болған 36 ұлттың тағдыры қарастырылады. «Егін салу турасында» (1923) атты зерттеуінде қазақ жерінде егін өсіру жайы жазылған. Тіл білімі және оқулық саласында  2 кітаптан тұратын «Оқу құралын» жазды (Ташкент, 1928; Қызылорда, 1929). Сондай-ақ, 1925 жылы ғалымның жетекшілігімен көлемді «Қазақша-орысша тілмаш» (Мәскеу) жарық көрді. Мерзімді басылымдарда жарияланған  мақалаларында білім, ғылым, денсаулық, кеңес қызметі, өнер, т.б. тақырыптағы эсселелер қамтылған. Саяси қуғын-сүргін кұрбаны Қ.Кемеңгеров 1957 жылы 17 тамызда Сібір әскери округы әскери трибуналының қаулысымен ресми ақталған соң сегіз жыл өткенде «Алтын сақина» атты шағын жинағы жарыққа шықты (1965).  Ғалымның мұрасы XX ғасырдың 80-жылдарының аяғында ғана еркін шығарыла бастады. Кітабының екі басылымы жарық көрді. Қаламгер кұрметіне Баянауылда мектеп, Астанада көше аты берілді. Ұрпақтары Омбыда, Алматыда, Астанада тұрады.

 

Әдебиеттер:

 

  1. Кемеңгерұлы К. Таңдамалы . – Алматы : Өлке, 2002. – 240 б.
  2. Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы / Кемеңгерұлы Қ. – Алматы: Алаш, 2006. – 240 б.
  3. Кемеңгерұлы Қ Үш томдық шығармалар жинағы. Т.2. Оқу құралы. – Алматы: Алаш, 2005. – 336 б.
  4. Кемеңгерұлы, Қошке. Шығармалары: зерттеулері, көркем шығармалары, мақалалары. Т.1. – Алматы : “Ел-шежіре”, 2013. – 384 б.
  5. Кемеңгеров Қошмұхамбет // Алаш. Алашорда: энциклопедия / құраст.: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: Арыс баспасы, 2009. – Б.192-195
  6. Кемеңгеров Қошмұхамбет // Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық.- Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.225-227
  7. Жұмағұлов, С. Б. Санаткер: (Қошке Кемеңгерұлының туғанына 110 жыл) // Шәкәрiм әлемi. ­ – 2006. ­ – № 3. ­ – Б.71­-75
  8. Жұртбай Т. Тұңғиық терең жарға кеткен түсіп…: [Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Даниал Ысқақов, Қошке Кемеңгеров және Жұмахан Күдерин] // Абай. -­ 2011. ­- №5-­6. ­- Б. 27-­31; // Ақиқат. ­- 2012 . -­ №9. – ­ Б.48 ­

Интернет сілтемелер:

https://kk.wikipedia.org/wiki/Қошмұхамбет_Дүйсебайұлы_Кемеңгеров

http://map.pavlodarlibrary.kz/