Әлібеков Әлиасқар (1893-1937)

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ автономиясын құруға қатысушы Әлібеков Әлиасқар (Ғалиасқар) Меңдиярұлы 1893 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауданында дүниеге келген.

1910 жылы Орал реалды әскери учелищесінен білім алады. Ақпан төңкерісінен кейін Саратов түбіндегі ауылшаруашылық институтын, 1932 жылы Ленинград гидромелиорация институтын бітірген. Алаш қозғалысы кезінде Жайық өңірінде белсенді жұмыстар істеген, Алашорда кеңестеріне қатысып, ел көзіне көрінген. 1918 жылы ақпанда Қаратөбеде өткен үшінші Орал облысы қазақтарының сиезіне қатысады. Кейін қызыл үкімет жағына шығып, Кеңес үкіметінде жауапты қызметтер атқарған. 1920 жылы РК(б)П комитетінің бюро мүшесі болған. Осы кезде ол өзінің халқына аз да болса пайдалы істер істеген. Алашорда қызметкерлерін Кеңес жұмысына тартуға байланысты көптеген нәтижелі жұмыстар жүргізеді.

1920 жылдары Қазревком ішкі істер бөлімінің комиссары, ішкі істер комиссариатының меңгерушісі, ішкі басқару бөлімінің қызметтерін атқарды. 1923-1925 жылдары Қазақ АКСР Жер шаруашылығы халық комиссариатында, Қазақстанда жерге орналастыру жөніндегі комиссия құрамында болады. Орынбор губерниясы мен Қазақ АКСР аумағын межелеу жөніндегі Бүкілресей ОПК комиссиясында Қазақ АСР өкілі болды. 1925-1928 жылдары Жетісу губерниялық атқару комитетінің төоағасы қызметін атқарады. Ұлттық мүддені басты орынға қойған Ә.Әлібеков Ф.Голощекин тарапынан қудаланып, Өзбекстанға кетеді.

1928-1937 жылдары Орталық Азия инженерлік-техникалық ирригация институтына, Ташкент қалалық Мелиорация және ауыл шаруашылығын механизациялау институтына басшылық жасайды. 1937 жылы халық жауы деген айыппен, саяси қуғын-сүргін құрбаны болады.

Әдебиеттер:

1. Әлібеков Әлиасқар // Тлешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Сардар» баспасы, 2014. – Б.94
2. Әлібеков Әлиасқар // Батыс Қазақстан облысы: энциклопедия / бас ред. Ғ.Әнес. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2002. – Б.164-165
3. Әлібеков Әлиасқар // Алаш. Алашорда: энциклопедия / Құраст. Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2009. – Б.75-77