Омаров Елдес (1892-1937)

26

Омаров Елдес 01.03.1892 жылы бұрынғы Торғай облысы, Қостанай уезі, Дамбар болысы, №2 ауылында туған. Қоғам қайраткері, педагог, публицист. Қостанай қаласындағы 2 сыныптық орыс-қазақ училищесін (1907), Орынбордағы орыс-қазақ мұғалімдер мектебін (1911) бітірген. Алашорда үкіметін құруға белсене араласты. Уақытша үкіметтің Торғай уездік комиссарының көмекшісі, Торғай облыстық азаматтық кентінің төрағасы қызметтерін атқарды. Бірінші және екінші жалпы қазақ съездеріне қатысты. Қостанайда өткен Қостанай уез қазақтарының төтенше съезінде «Жер мәселесі» туралы баяндама жасады. Қостанай уездік Алашорда кентінің төрағасы ретінде жергілікті халықты Алаш автономиясын қолдауға шақырды. Торғай облыстық земствосы  төрағасының орынбасары, төрағасы болды. 192-1922 жылдары Орынборда халық ағарту комиссариатында инструктор, кеңестік партия мектебінде окытушы болды. Осы кезеңде ол көптеген ғылыми мақалалар жазды. 1922-26 жылдары  Қазақ халық ағарту комиссариатының академия  орталығында қызметкер, Қырғыз (қазақ) халыққа білім беру институтында (КИНО) оқытушы болып, саяси-әлеуметтік, оқу-ағарту және тіл білімі мәселелеріне арнап көптеген мақалалар жазды. Қазақ тілінде физика, геометрия оқулықтарын жазып, математика терминдерді қалыптастыруға зор үлес қосты. 1926-29 жылдары саяси қуғынға ұшыраған Омаров Ташкентте педагогикалық институтта, Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыс факультінде оқытушы болып істеді. Бұл кезеңде ол қазақ мектептеріне арналған геометрия оқулығының 2-кітабын жазып, Цингирдің физика оқулығын қазақшаға аударды. 1929 жылы соңында тұтқындалып, 1930 жылы көкекте ату жазасына кесілді, кейіннен 10 жылға Архангельскіге жер аударылды. 1933 жылы ақталып шықты. 1934-1935 жылдары Қазақ мемлекеттік медицина институтында қазақ тілінен сабақ берді, инситут студенттеріне арнап қазақ тілі оқулығын жазды.  «Упражнения по синтаксису» («Синтаксис жаттығулары»), «О сочетании звуков казахского шрифте» («Қазақ тіліндегі дыбыс үндестігі»), «Новые правила о казахском шрифте» («Қазақ  қаріптерінің жаңа ережелері»), «Ученая деятельность Ахмета Байтурсынова» («Ахмет Байтұрсыновтың  ғылыми еңбектері») т.б. ғылыми еңбектері бар. 1935-37 жылдары ҚазМУ-да қазақ тілі кафедрасының доценті болып қызмет істеді. Қазақ мектептеріне арналған орыс тілі грамматикасын және геометрия есептері оқулығын жазды. Саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.1937 жылы 2 желтоқсанда қайтыс болды.

 Әдебиеттер: 

  1. Алаш. Алашорда. Энциклопедия / құраст: Ғ.Әнес, С.Смағұлова. – Алматы: «Арыс» баспасы. – 2009. – Б.262
  2. Омарұлы Елдес / Тілешов Е., Қамзабекұлы Д. Алаш қозғалысы: энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: Сардар, 2014. – Б.331-332
  3. Кәкен А. Алашордашылар / А. Кәкен // Егемен Қазақстан. ­ – ­- 14 мамыр. ­– Б.8